ІІМ есірткі қылмысымен күресте жаңа әдістер қолданып жатыр
ІІМ есірткімен күресте жаңа әдістер қолдануда, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ақпараттық-коммуникациялық жүйелердің дамуымен қылмыс түрлері де өзгерді. Оларды анықтап, ашу үшін полицияның жедел қызметтерінен жаңа тәсілдер талап етіледі. Интернет кеңістігінде есірткі қылмыстарын анықтаудың тиімділігін арттыру үшін Ішкі істер министрлігі қазақстандық компаниялардың бірімен заманауи аппараттық-бағдарламалық кешендер мен ілеспе техникалық жабдықтарды сатып алуға шарт жасасты. Қыркүйек айында техниканы қызметте пайдалану бойынша полицейлер арасында семинар-тренинг өткізілді.
Сондай-ақ әрбір өңірге бір жұмыс станциясы берілді. Есірткіге қарсы іс-қимыл бөлімшелерінен 21 ІТ-маман оқытылды. ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірхановтың айтуынша, аппараттық-бағдарламалық кешендер Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары шеңберінде бөлінген қаржыландыру есебінен сатып алынды, - делінген ақпаратта.
Бағдарламалық кешендердің қуаты ақпараттың едәуір көлемін өңдеуге және есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар адамдар арасындағы тікелей және жасырын байланыстарды анықтауға мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелерінің қызметкерлері есірткіні жарнамалау фактілері бойынша 51 сотқа дейінгі іс жүргізуді, есірткіні интернет арқылы таратқаны үшін 288 қылмыстық істі тіркеді. Есірткі тарататын 1,5 мың сайт бұғатталды.
OLX.kz хабарландырулар ресурсында есірткіні насихаттайтын 1179 жазба мен психоактивті заттарды тарату бойынша курьерлік жұмыс ұсыныстары анықталды. OLX.kz басшылығымен жасалған келісім негізінде бұл жарнамалар жойылды.