ІІМ: Елде жеті күнде 3 мыңға жуық қылмыс жасалды
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің апталық брифингінде белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еліміздің аумағында жеті күн ішінде 2800-ден астам қылмыс жасалған.
Бір апта ішінде 2817 қылмыс жасалды, оның 1696-сы тәулік ішінде ашылды, - деп атап өтті елдегі криминогендік жағдайға тоқталған ведомствоның өкілі Шұғыла Тұрлыбек.
Айтуынша, тәртіп сақшылары бірқатар қылмысты ізін суытпай ашқан.
Полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 10 кісі өлтіруді, 5 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 1 қарақшылық, 25 тонау және 417 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашты, - деді министрлік өкілі.
Сонымен қатар ол өткен жылы Мемлекет басшысы 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын бекіткенін атап өтті.
Оны іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында биыл Құқық қорғау және сот органдарында парасаттылықты немесе integrity check тексеруді енгізу тетігін әзірлеу көзделген, - деді министрлік өкілі.
Еске сала кетейік, бұған дейін күніне екі адам кісі қолынан қаза болатыны туралы жазған болатынбыз. Деректерге сүйенсек, өткен аптада елде бір апта ішінде 2734 қылмыс жасалған. Оның 1673-і «ізін суытпай» тәулік ішінде ашылды.