ІІМ: Ел аумағында жеті күнде үш мыңнан астам қылмыс жасалған
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бір апта ішінде 3022 қылмыс жасалды. Оның 1808-і тәулік ішінде ашылды, - деп атап өтті елдегі криминогендік жағдайға тоқталған ведомство өкілі.
Айтуынша, тәртіп сақшылары бірнеше қылмысты бірден ашқан.
Полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 6 кісі өлтіруді, 3 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 1 қарақшылық, 29 тонау және 421 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашты, - деді Шұғыла Тұрлыбек.
Сонымен қатар ол елордада республика аумағындағы адам саудасына қарсы мәселелерге қатысты құқықтық форумның өткенін атап өтті.
Бұл проблема өте өзекті және қашанда қоғамның назарында. Адамды құлдыққа мәжбүрлеу дамыған мемлекеттердің өзінде бар жайт. Біріккен Ұлттар Ұйымының деректеріне сәйкес, әлемдегі сексуалдық және еңбек құлдығынан зардап шеккендердің 70%-ы – әйелдер мен жас қыздар. Әр үшінші құрбан – балалар. Бұл проблеманың Қазақстанға да қатысы бар. Жыл сайын елімізде осындай сипаттағы жүздеген қылмыс жасалады. Бұрын ол 300-ге дейін жететін. Биыл 4 ай ішінде адам саудасына қатысты 30 дерек тіркелді. Үш ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленді, - деді ІІМ өкілі.
Белгілі болғандай, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде «Адам саудасына қарсы күрес туралы» заң әзірленіп жатыр.