ІІМ: Ел аумағында жеті күнде 3 мыңға жуық қылмыс жасалды
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің апталық баспасөз мәслихатында белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бір апта ішінде 2949 қылмыс жасалды. Оның 1882-сі тәулік ішінде ашылды, - деп атап өтті елдегі криминогендік жағдайға тоқталған Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек.
Айтуынша, тәртіп сақшылары бірнеше қылмысты «ізін суытпай» ашқан.
Полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 12 кісі өлтіруді, 4 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 32 тонау және 353 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашты, - деді Ішкі істер министрлігінің өкілі.
Сондай-ақ ІІМ басшысы Ақмола облысындағы Жол қозғалысын қадағалаудың мобильді кешенінің мүмкіндіктерін тексергені белгілі болды.
Министр Марат Ахметжанов патрульдік полиция ротасы қызметінің аға инспекторы Айбек Төлеубаевпен бірге Көкшетау бағытындағы трасса бойынша рейд жүргізді.
Жалпы, ел бойынша патрульдік полиция автокөліктеріне түрлі маркалы 50 аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылған.
Полиция департаментінің ЖБО-да Марат Ахметжанов өңірде жұмыс істейтін цифрлық жобалармен танысып, қауіпті жүргізушілерді анықтап, оларды ұстау жөнінде шаралар қабылдауға мүмкіндік беретін «Қорғау» жүйесін енгізуді тапсырды.
Бұл жүйе тоғыз қалада сәтті жұмыс істейді. Оның көмегімен ел бойынша жалған нөмірлерді пайдаланудың 777 фактісі және басқару құқығынан айырылған 2700 жүргізуші анықталды. 13,5 мыңға жуық көлік айыппұлға қамалды.
Жазаның бұлтартпастығын біз толық цифрландыруды қамтамасыз етуге, қолдауға тиіспіз, - дейді ведомство басшысы.