ІІМ-де ведомстволық газеттердің 90 жылдығы атап өтілді
Ішкі істер органдарының жұмысын, қоғам мен полицияның байланысын оқырманға көрсетіп келе жатқан “Saqshy” және “На страже” газеттерінің 90 жылдық мерейтойы атап өтілді, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қиындығы мен қызығы қатар жүретін полиция қызметі туралы сыр шертетін басылымдардың редакциясын Ішкі істер министрі Ержан Саденов құттықтады.
Сіздер арқылы азаматтарымыз еліміздегі болып жатқан құқықбұзушылықты алдын алу бағытындағы жұмыстардан хабардар болды. Қызметтеріңіз табысты болып, оқырмандардың ыстық ықыласына бөлене беріңіздер, – деді ІІМ басшысы.
Салтанатты іс-шараға ардагер-журналистер, Ішкі істер органдары медиа орталығының экс-басшылары, өңірлік полиция және қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің, ведомстволық оқу орындарының және Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтарының баспасөз хатшылары қатысты.
Ең белсенді баспасөз қызметтері “Қанатты қалам” номинациясымен марапатталды:
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті;
Қостанай облысының полиция департаменті;
Ақмола облысының қылмыстық-атқару жүйесі департаменті;
Қызылорда облысының қылмыстық-атқару жүйесі департаменті;
Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясы.