ІІМ-де елдегі көші-қон жағдайы туралы айтылды
ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Аслан Аталықов елдегі көші-қон жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сілтеме жасап.
Eлдегі бүгінгі көші-қон жағдайы қандай?
2022 жылы Қазақстанға 5 600 000 шетелдік келді. Көбі Ресей азаматтары – 2 900 000. Өзбекстан – 2 300 000, Қырғызстан – 730 000, Тәжікстан азаматтары – 330 000. Қазіргі кезде Қазақстанда 650 000 шетелдік уақытша тұрады. 90%-ы аталған елдерден.
Қазақстанға келушілер саны артты ма?
Алдыңғы 2020-2021 жылдармен салыстырғанда биыл Қазақстанға келушілер саны артты. Бірақ ол жылдары пандемия кезі еді. Дұрыс сараптама жасау үшін 2019 жылмен салыстыру керек. Сол жылы Қазақстанға 7 млн-ға жуық шетелдік келді. Ал биыл 5 600 000. Иммиграциялық ағын тек 11 сәуірден бастап қайта қалпына келді. Карантиндік шектеулер алынып, шекаралар ашылды. Жаздың үш айында Қазақстанға 2 300 000 шетелдік кірді. Ең көп келгендер тамыз айында болды – 960 000. Одан соң келушілер саны азая бастады. Қарашада 500 000 дейін түсті. Желтоқсан айындағы 20 күн ішінде 325 000 шетелдік келді.
Қазіргі уақытта Ресей Федерациясы азаматтарының иммиграциялық ахуалы қалай?
Біздің елге сырттан жиі келетін қонақтардың ең негізгісі – көрші Ресей Федерациясының азаматтары. Олардың көп келетін уақыты жаз айлары. Жазғы демалыс кезінде Қазақстанға 1 200 000 аса ресейлік келді. Ең көп көрсеткіш шілде айында – 485 000 адам. Қыркүйек айында Қазақстанға 406 000 Ресей азаматтары келді. Олардың көбі ішінара мобилизацияға байланысты қыркүйектің 21-і мен 30-ы аралығында болды. Келушілер санының көптігіне қарамастан еліміздің шекара мен көші-қон қызметтері тұрақты жұмыс жасады. 1 қазаннан бастап Ресейден келушілер саны қайта азайды. Қазір бір күнде келетіндердің орташа саны 6-7 мың адамнан аспайды. Тек демалыс күндері ғана келетіндер қатары ішінара көбейеді, сауда-саттық үшін деп ойлаймын. Негізі осы 21 қыркүйектен бастап Қазақстанға келген ресейліктердің 200 000 транзитпен басқа елге шығып кетті. Өзбекстанға – 47 000, Қырғызстанға – 46 000, Түркияға – 37 000.
21 қыркүйектен кейін келген қанша Ресей азаматы тұрақты тұруға және ҚР азаматтығына өтініш берді?
21 қыркүйектен бастап ресейлік азаматтардан 3,5 мың өтініш тұрақты мекенжайға тұруға түсті. 965 өтініш азаматтықты алу туралы болды. Полиция шетелдіктерге тұрақты мекенжайға тұру рұқсатын бермес бұрын толық тексеру өткізеді. Тұрақты тұру ықтияр-хатын алу үшін міндетті түрде шетелдік өз төлем қабілеттілігін растау қажет. Ол шамамен 4,5 млн теңгені құрайды. Бұдан басқа сотталмаған туралы анықтама, басқа шектеулері болмауы қажет. Осы құжаттардан соң құқық қорғау органдарының есебі бойынша тексеру жүзеге асырылады. Барлық тексеруден соң ғана тиісті рұқсаттама құжаттары беріледі.
Көші-қон мәселелеріне байланысты делдалдарға жүгіну дұрыс па?
Қазір кезде Қазақстанда рұқсат құжаттарын ресімдеу либералды тәртіпте іске асырылады, барлық қызметтер тегін көрсетіледі. Алайда бұл жағдайды өз мүддесіне пайдаланған кейбір алаяқтар шетелдіктерді заңдастыру үшін жалған құжаттарды ұсынуға тырысады. Олардың заңсыз әрекеттері Telegram, WhatsApp, Instagram интернет платформаларда орналастырған. Полиция әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізуде. Шетелдіктердің мәртебесін реттеу бойынша жалған қызметтер ұсынатындардың алаяқтық әрекеттерін анықтайды. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында заңсыз сыйақы үшін Қазақстан Республикасының азаматы жалған құжатпен шетелдікке уақытша тұруға рұқсат ресімдеуге тырысты. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде. Осындай фактілер анықталған жағдайда барлық жалған құжаттар жойылады. Шетелдіктердің Қазақстанда болу мерзімі қысқартылады, кінәлі адамдар жауапқа тартылады.
Ресейліктердің Қазақстанда болу ережелері қандай?
Ресей азаматтары Қазақстанда мемлекеттік шекарадан өткеннен кейін 90 күнтізбелік күн бола алады. Шетелдіктердің болуы туралы хабарлама жіберу функциялары Қазақстан азаматтарына жүктелген. Олар шетелдіктің келгені туралы хабарламаны үш күн ішінде беруге тиіс. Оны eQonaq мобильді қосымшасы немесе eGov порталы арқылы оңай жасауға болады. Егер шетелдік біздің елде жұмыс істеп, оқып, отбасын құру, емделу, бизнес ашу мақсатымен қалған болса, қабылдаушы жақ Халыққа қызмет көрсету орталықтарына немесе электрондық үкімет порталы арқылы уақытша тұруға рұқсат ресімдеу туралы өтініш бере алады. Егер осындай негіз болмаған жағдайда олар елімізден шығу қажет.
Шетелдіктер Қазақстанда болу мерзімін бұзса, қандай жауапкершілікке тартылады?
Мерзімдерін бұзғаны үшін айыппұлдан бастап Қазақстаннан шығаруға дейінгі жауапкершілік түрі қарастырылған. Полиция шетел азаматтарының келуіне қатаң бақылау жүргізеді. Жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 60 000 астам шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 42 000 Өзбекстан азаматы, Ресейдің 4 000 және Тәжікстанның 3 000 азаматы бар. Елден 5 837 шетелдік шығарылды. Оның ішінде ең көп сан 4 073 – ол Өзбекстан азаматтары, 491 – Тәжікстан және Ресейдің 310 азаматы. Оларға 5 жылға дейін Қазақстанға кіруге тиым салынды.
Шетелдіктер Қазақстанның қай аймақтарына көбірек келеді және қай аумақта көші-қон заңнамасы жиі бұзылады?
Шетелдіктердің басым бөлігі елордада және ірі қалаларда тұрады. Осыған байланысты онда құқық бұзушылар да көп. Елден шығарылғандар саны бойынша бірінші орында Астана қаласы тұр. Елордадан 1 142 шетел азаматы шығарылды. Екінші орында – Алматы, үшінші орында – Шымкент.
Шетелдіктер көші-қон заңнамасын бұзса ғана елден шығарыла ма?
Көші-қон заңнамасын бұзғандар ғана емес, басқа да құқық бұзушылықтар жасағаны үшін шетелдіктер елімізден шығарылады. Жыл басынан бері заңнаманың басқа нормаларын, оның ішінде бұзақылық жасап, қоғамдық тәртіпті бұзған 295 шетелдік елден шығарылды. Мысалы, Орал қаласында қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін Ресейдің үш азаматы полицияның өтініші бойынша сот арқылы елден шығарылды. Олар енді елімізге 5 жылға дейін кіре алмайды. Осындай шаралар Алматы, Қызылорда, Қарағанды қалаларында да қабылданды.
Шет елден келген азаматтар жасаған және оларға қатысты қанша қылмыс тіркелді?
Қылмыстық-атқару мекемелерде 1 337 шетелдік жазасын өтеп жатыр, олар жаза мерзімі аяқталғаннан кейін елден шығарылып, 5 жылға дейін елге кіруге тиым салынады.