ІІМ-де америкалық тараппен ынтымақтастық мәселелері талқыланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов АҚШ-тың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Джуди Куомен кездесті, деп хабарлайды Polisia.kz.
Басқосуда екі тарап есірткі бизнесі, киберқылмыс, адам саудасына қарсы күрес мәселелерін талқылады.
Кездесуде министр Қазақстанның ІІМ-і АҚШ Елшілігімен көпжылдық серіктестік қарым-қатынастарды жоғары бағалайтынын атап өтті.
Америкалық тарап кадрларды даярлау, оқу орталықтарының материалдық-техникалық жарақтандырылуын нығайту саласында әріптес болып табылады, ведомстволық академиялар үшін оқу бағдарламаларын әзірлеуге қатысады.
Өз кезегінде Джуди Куо АҚШ ҚР ІІМ-нің қоғамдағы қауіпсіздік пен қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған өзгерістеріне көмектесуге дайын екенін жеткізді.
Кездесу соңында тараптар қылмысқа қарсы күрес және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы реформалар мен бастамаларды қолдау бойынша ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға ниет білдірді.