ІІМ-де алғаш рет тергеуші әйелдер арасында спартакиада өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай ІІМ-де алғаш рет тергеуші әйелдер арасында спартакиада өткізілді, деп хабарлайды Polisia.kz.
3 наурыз күні Тергеу департаменті ҚР ІІМ Тергеу департаментінің, Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті мен Көліктегі Полиция департаментінің командалары арасында спартакиада ұйымдастырды.
Іс-шара Халықаралық әйелдер күніне орай С.Қ.Нұрмағамбетов атындағы “Жас ұлан” республикалық мектебінің базасында өткізілді.
Жалпы командалық есепте Көліктегі Полиция департаментінің командасы жеңіске жетті. Екінші орынды Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің командасы иеленді. Ал үшінші орын ҚР ІІМ Тергеу департаментінің командасына бұйырды.
Спартакиадаға қатысушыларды Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов құттықтады. Ол өз сөзінде ерлермен қатар қызмет атқаратын, кезекші нарядтарға түсетін, күрделі, көп эпизодты істерді тергейтін әйел тергеушілердің ерекше рөлін атап өтті.
Бүгінде ІІО тергеу бөлімшелерінде 1 458 әйел жұмыс істейді. Полицияда оларға ішкі істер органдарының қатарында рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруда ерекше рөл берілген.
2021 жылы 21 ақпанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тергеуші әйелдердің сексуалдық сипаттағы қылмыстарды тергеуі бойынша мамандануын енгізуді тапсырды. Өткен жылы барлық өңірлерде осы санаттағы істерді ашу және тергеу, сондай-ақ, әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық қылмыстарды тергеу бойынша тұрақты жұмыс істейтін жедел-тергеу топтары құрылды.
Санжар Әділов барлығын мерекемен құттықтап, Отанымыздың игілігі жолындағы жұмыстарына табыс тіледі.
Спартакиада қатысушылары өз кезегінде іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.