ІІМ-де 11 мыңға жуық әйел қызмет атқарады

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ІІМ-де нәзік жанды аруларды құттықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ерекше көзге түскен қызметкерлерді құттықтады.

Ведомство басшысының айтуынша, әйелдер ішкі істер органдарының барлық бөлімшелерінде, соның ішінде криминалдық полиция, тергеу және анықтау, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау сияқты жетекші қызметтерде қызмет атқаруда. Әйел қызметкерлер күрделі қылмыстық істерді тергеп, қылмыстарды ашады, сот-медициналық зерттеулер жүргізеді, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, басқа да көптеген функцияларды орындайды.

 



Олар ер азаматтармен қатар азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қызметтік міндеттерін жанқиярлықпен атқарады.

 



 

Өз өмірін полиция қызметімен байланыстырған барлық әйелдерді бір нәрсе біріктіреді – ол мамандыққа деген адалдығы және халыққа қызмет етем деген ниеті. Бұл бәріміз үшін үлгі болуы тиіс, – деп атап өтті Ерлан Тұрғымбаев.
 



Министр тағдырын ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның күрделі қызметімен байланыстырған, қиын жұмысты жақындарына қамқорлық жасап, балаларды тәрбиелеумен, ошағының түтінін түтетумен ұштастыра білген барлық әйел әріптестеріне ризашылығы мен құрметін білдірді.



 



Ішкі істер министрінің бұйрығымен Халықаралық әйелдер күніне орай ІІМ және оның аумақтық бөлімшелерінің 900-ден астам қызметкері медальдар, грамоталар және төсбелгілермен марапатталды.

 



Мереке қарсаңында Министр Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың жары Гүлжамал Тажиевамен кездесті. Ол халық батырының, сондай-ақ қаза тапқан барлық қызметкерлердің ерлігі мен батылдығы халық жадында мәңгі сақталатынын және өз парызына деген адалдықтың шынайы үлгісі болатынын атап өтті.

 



Бүгінде Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдарында 11 мыңға жуық әйел қызмет атқарады, олардың 580-і басшылық құрамда.


 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы