ІІМ дабыл қақты: Қазақстанда 26 тонна есірткі тәркіленді

Қазақстанда есірткі қылмысына қарсы күрес бағытындағы жұмыс күшейтілді. Биылғы 9 айдың ішінде 6 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталып, 26 тоннадан астам есірткі заты тәркіленді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 35%-ға көп, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжановтың айтуынша, еліміздің болашағына төніп тұрған басты қауіптердің бірі – есірткі заттарының таралуы мен нашақорлық.

Мемлекет басшысы ерекше назар аударып отырған бағыттардың бірі – есірткі заттарының таралуы мен нашақорлықтың алдын алу. Бұл – еліміздің болашағына төніп тұрған елеулі қатер, – деді ол ОКҚ алаңындағы брифингте.

Оның айтуынша, Ішкі істер министрлігі “Заң мен тәртіп” қағидаты аясында мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, нашақорлық пен есірткі қылмысына қарсы іс-шараларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.

Комитет министрліктің үйлестіруші органы ретінде тиісті заңнамаға уақытылы өзгерістер енгізуге және Кешенді жоспар аясында белгіленген мақсаттарға қол жеткізуге өз үлесін қосып отыр, – деп атап өтті Әлжанов.

Сарапшының айтуынша, елдегі есірткі ахуалы оңай емес, әсіресе синтетикалық түрлердің жастар арасында кеңінен таралуы қоғамды қатты алаңдатуда.

Соңғы жылдары синтетикалық есірткілердің қолжетімділігі артты. Бұл – жастар үшін ең үлкен қауіптің бірі. Сондықтан ІІМ тарапынан бұл бағытта арнайы жедел және алдын алу шаралары күшейтілді, – деді комитет төрағасының орынбасары.

9 айдың қорытындысы: 6 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды

Қуандық Әлжановтың айтуынша, 2025 жылдың 9 айында елімізде 6 мыңнан астам есірткіге қатысты құқық бұзушылық тіркелген. Оның ішінде:

  • 2,7 мың – қылмыстық іс,
  • оның ішінде 1,7 мың – есірткі сату фактісі,
  • 301 – аса ірі мөлшерде сақтау,
  • 379 – құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру,
  • 117 – контрабанда фактісі,
  • 5 есірткі притоны анықталған.

Сонымен қатар, 26 тоннадан астам түрлі есірткі заты тәркіленді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 35%-ға артық.

Тәркіленген заттардың ішінде:

  • 3 тонна кептірілген марихуана,
  • 412 кг гашиш,
  • 1,14 тонна синтетикалық есірткі,
  • қалған бөлігі — каннабис өсімдіктері.

Қазір есірткі қылмысының жаңа түрі пайда болды – каннабис тобына жататын өсімдіктерді жабық жылыжайларда, яғни “фитолабораторияларда” өсіру. Биыл мұндай 93 жағдай анықталды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 есе көп, – деді Қуандық Әлжанов.

2024 жылы мұндай бар болғаны 18 жағдай тіркелсе, биыл олардың саны күрт артқан.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы