ІІМ басшысы Ұлттық ұланның Шымкенттегі бөліміне барды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Марат Ахметжанов Ұлттық ұланның Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөліміне қызметтік іс-сапармен келді. Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметі хабарлады.

 Іс-сапар барысында ведомство басшысын Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақанов, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әміреев, 6506 әскери бөлімінің командирі полковник Бауыржан Қабылбеков және Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қарсы алды.

 ІІМ басшысы нысанды аралау барысында 6506 әскери бөлімінің материалдық-техникалық базасын, қызметтік инфрақұрылымдарының  және де оқу-жаттығу объектілерінің жағдайымен танысты. Сонымен қоса 6506 әскери бөлімінің тарихынан сыр шертетін, батырлардың ерлігін насихаттайтын мұражайдың көрмесін аралады.

  Еліміздің бас полицейі  Марат Ахметжанов өз сөзінде Ұлттық ұланның елдегі тұрақтылықты сақтау, азаматтар мен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша аса маңызды міндеттер орындайтынын атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің атқарған жұмысына жоғары баға бергенін жеткізді.

Ішкі істер органдары үшін де, Ұлттық ұлан бөлімшелері үшін де қаңтардағы оқиғалар күрделі сынақ болды. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілері қиын күндерде алдыңғы шепте конституциялық құрылым мен ел тыныштығын қорғады.  Мемлекет басшысы әскерилердің жауынгерлік дайындығына, құқық қорғау саласы қызметкерлерінің жауынгерлік дайындығына айрықша мән беріп отыр, - деді ІІМ басшысы.

 Содан кейін Ішкі істер министрі бөлімнің құрамында жасақталған «Жас бүркіт» спорттық әскери-патриоттық клубының қырандарымен танысып, олардың біріне айрықша сыйлық жасады. Дәлірек айтсақ, полиция генерал-лейтенанты Марат Ахметжанов клубтың ең жас мүшесіне өзінің жеке қол сағатын сыйға тартты.

Кездесу соңында еліміздің бас полицейі бөлім жеке құрамының алдағы істеріне сәттілік тіледі.

Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақанов өз кезегінде Президент пен Ішкі істер министр тапсырмаларының  толық көлемде орындалатынын атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы