ІІМ басшысы Қарағандыдағы полиция пунктіндегі қыздың қазасына қатысты пікір білдірді

Қарағандыдағы полиция бөлімшесінде өлі күйінде табылған қызға қатысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденов түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

1 қазан күні Қарағанды қаласындағы полиция бөлімшесінен бір қыздың денесі мен ес-түссіз жатқан учаскелік полицей табылған еді. Құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғап, қызметтік тергеу бастаған. ІІМ басшысы бұл оқиғаны "масқара жағдай" деп атады.

Бұл жағдай — жаман, ұят іс. Полицейдің атына кір келтіретін сәт орын алды. Қылмыстық іс қозғалды, түрлі нұсқаларды тексеріп жатырмыз. Барлық мән-жай толық анықталады, бұл іс менің жеке бақылауымда. Әсіресе, ол жерде полиция қызметкері болғандықтан, бізге бәрін анық білу маңызды. Маған бұл туралы алғашқы минуттардан хабарланды. Тергеу жүріп жатыр, нәтижесін міндетті түрде хабарлаймыз, — деді Сәденов.

Ес-түссіз күйінде табылған полицей қызметінен уақытша шеттетілген және қазір ауруханада жатыр.

Ол қазір ауруханада. Алғаш табылған кезде коматоздық жағдайда болған. Сондықтан ол қызметінен уақытша шеттетілді. Қылмыстық істі талқыламаймын, себебі тергеу жүріп жатыр. Барлық дерек тексеріледі. Бұл жағдай біздің ведомство үшін жақсы мысал емес. Бірақ қоғамның бұл оқиғаға алаңдап отырғанын білемін. Біз барлығын ашық айтып, егжей-тегжейлі түсіндіреміз, — деді министр.

Еске салайық, бұған дейін Қарағандыда полиция бекетінде әйелдің мәйіті мен ес-түссіз полицей табылғанын хабарладық.

Қарағандыдағы аталған резонансты іс, яғни қыздың мәйітімен бірге табылған полицей комадан шыққаны жайлы да жаздық.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Мақсат Рысбеков - архив
Өзгелердің жаңалығы