ІІМ басшысы бірқатар өңірге жұмыс сапарымен барды
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов жұмыс сапары аясында Алматы қаласы, Алматы облысы және Жетісу облысы полиция бөлімшелерін тексерді, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сілтеме жасап.
Қонаев қаласында министр Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевпен бірге Полиция департаментінің ғимаратына барып, жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының жоспарымен танысты.
Одан кейін еліміздің бас полицейі Жедел басқару орталығының жұмысын көрді. Айта кетейік, қалада қоғамдық орындарда 300-ден астам бейнебақылау камералары жұмыс істейді. Сонымен қатар Марат Ахметжанов облыс полициясының жеке құрамымен кездесті.
Министр департамент басшылығының назарын жаңадан құрылған өңірде қызмет атқару үшін жағдай жасауға, қызметкерлердің тұрғын үй-әлеуметтік жағдайын жақсартуға, материалдық-техникалық жарақтандыруға, Алматы қаласы мен Жетісу облысы ПД бөлімшелерімен тиімді өзара іс-қимыл жасау мәселелеріне аударды. Қоғамдық тәртіпті, жол қауіпсіздігін қорғаудың жоғары деңгейін қамтамасыз ету, қызметкерлердің заңдылық пен тәртіпті сөзсіз сақтауы бойынша міндеттер қойылды.
Алматыда ведомство басшысы қауіпсіздік саласында полиция департаменті енгізіп жатқан цифрлық шешімдермен, сондай-ақ полиция жұмысының сервистік моделіне көшу бойынша қабылданып жатқан шаралармен танысты. Мегаполистің ПД жеке құрамымен кездесуде министр ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы негізгі қағидаларды түсіндірді. Ішкі істер органдарына жүктелген міндеттер, сондай-ақ оларды жүзеге асырудағы қызмет бөлімшелері басшылары мен қызметкерлерінің рөлі ерекше атап өтілді.
ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясында министр киберзертхананың ашылуына қатысты.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында интернет- және телефон алаяқтықтарына қарсы іс-қимылды күшейту қажеттігіне назар аударды. Зертхананың ашылуы – бұл жас қызметкерлерді оқытуды ұйымдастыруға және жұмыс істеп жатқан қызметкерлердің біліктілігін арттыруға, киберқылмыстарды ашудың жаңа әдістемелерін меңгеруге, қылмыскерлердің жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін алғашқы негізгі қадам, – деді министр.
Сондай-ақ ведомство басшысы өңірлік департаменттер, қалалық және аудандық бөлімшелердің басшы құрамды даярлау факультетінде оқып жатқан қызметкерлердің оқу процесімен танысты. Жетісу облысына жұмыс сапары аясында Марат Ахметжанов өңірдің полиция департаменті мен Талдықорған қаласы полиция басқармасының жеке құрамымен кездесті.
Ол министрлік жүргізіп жатқан жұмысты бағалау критерийлерін қайта қарау, полиция қызметін цифрландыру, қағазбастылықтан арылу, “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын жүзеге асыру шаралары туралы айтты.
Марат Ахметжанов Ұлттық ұланның әскери бөлімдеріне де барды. Әскери қызметшілердің қызмет өткеру және тұрмыстық жағдайларын зерделеді.
Сапар соңында ішкі істер министрі құқықтық тәртіп әскерлерінің жауынгерлік әзірлігін жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар берді.