ІІМ Баландин оқиғасы жайлы: Көлік айнасының ұрлануы қатаң бақылауға алынған
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз жүзуден Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин көлігі айнасының ұрлануына қатысты түсініктеме берді.
«Баландиннің оқиғасын сіздер білесіздер, біз екі күннің ішінде күдіктілерді ұстадық. Қазіргі күні біз мүліктерді, көліктердің айнасын, басқа да бөлшектерін ұрлау мәселесін Алматы болсын, Астана болсын, қай қалада болсын, қатаң бақылауға алғанбыз. Бұл жұмыс күнделікті жүріп жатыр. Кешегі Баландин оқиғасының өзі біздің қызметкерлердің кәсіби қызмет жасайтынының дәлелі деп ойлаймын», - деді ІІМ министрінің кеңесшісі Нұрділдә Ораз Үкімет кулуарында берген сұхбатында.
Атап өтсек, 31 наурыз күні Алматыда Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин автокөлігінің айнасы ұрланды. Оқиға Құрманғазы, Абылай хан және Байсеитова көшелерінің аумағында болған. Спортшы достарымен тамақтанып шыққанда айнасының ұрланғанын көріп, полицияға хабарласқан.
Еске салсақ, Олимпиада жүлдегері, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен де дәл осындай оқиғаға тап болып, автокөлік ұрыларының қолынан қаза тапқан болатын.