ІІМ «Айна ұрлау» секілді қылмыстарға қалай жол бермеуге болататынын айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев автокөлік бөлшектерін сатуға өзгеріс енгізу жайлы айтты.
Халықпен кездесу барысында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев елдегі қылмыстың басым көпшілігін яғни 65%-ын ұрлық құрайтынын айтты.
Ол «Осы жылдың ақпан айынан бастап, екінші рет ұрлық жасаған адамға жауапкершілік күшейтілгенін» айтты.
«Қазіргі уақытта құқық бұзушы зардап шеккен тараппен татуласып, жазадан құтыла алмайды. Автокөліктердің, соның ішінде айналардың ұрлануын болдырмау біздің бастамаларымыздың біріне жатады. Өздеріңіз, көліктердің айналарымен ұрлаумен айналысатын қылмыстар туралы жақсы білесіздер. Әсіресе, чемпионымыз Денис Теннің өлімі қоғамда үлкен резонанс туындатты. Осыдан үш ай бұрын Алматыда тағы бір Олимпиада чемпионының (Дмитрий Баландин-авт) көлігінің айнасын ұрлап кетті. Сондықтан жедел шаралар қабылданды.Ішкі істер министрлігі ішкі сауда ережелеріне түзетулер енгізуді ұсынып отыр, ол автокөліктерді тек мамандандырылған дүкендерде сатуды көздейді. Онда сатуға шығарғандардың жазбалары қамтамасыз етіледі. Жеке мәліметтері болады. Былайша айтқанда, ломбард жүйесі секілді болады», - деді Тұрғымбаев.