ІІМ: Ата-аналар, көліктің кілтін балаларға бермеңіздер!
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ІІМ жолдағы балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударып отыр. Түсіндіру жұмыстарына қарамастан, біз апатқа балалар себеп болған жол-көлік оқиғаларына тап болып отырмыз. Ата-аналар балаларына қауіпсіздік туралы ойланбай, автокөліктерінің кілтін беретін жайттар көп кездеседі. Бұл кәмелетке толмағандар және жол қозғалысының басқа қатысушыларының өміріне қауіпті төндіреді, - деп атап өтті ведомство өкілі.
Айтуынша, жыл басынан бері жасөспірімдердің қатысуымен бірнеше жол-көлік оқиғасы орын алған.
Жыл басынан бері Қазақстанда жасөспірімдердің көлікті тізгіндеуі себебінен 70 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Олардың ішінде 9 адам қаза тауып, 80-нен астамы түрлі жарақаттар алды. Мәселен, Атырау облысында Жасталап ауылының маңындағы жолда «Тойота» автокөлігінің кәмелетке толмаған, небәрі 14 жастағы жүргізушісі рульді басқара алмай, аударылған. Салдарынан ол мерт болды, көліктегі 4 жасөспірім-жолаушы ауруханаға жатқызылды. Осыған байланысты, ІІМ ересектерге мұндай әрекеттер үшін жауапкершілік жүктеленетінін ескертеді. Ата-аналарға дәл қазірден бастап жолдағы негізгі қауіпсіздік ережелері туралы балаларымен әңгімелесу жүргізіп, түсіндіруді ұсынамыз, - деді Шұғыла Тұрлыбек.
Сонымен қатар ІІМ өкілі мұндай ескертулер баланың жадында жатталып, қауіпті жағдайларды азайтуға жол ашады деп отыр.