ІІМ ардагері Алматы әуежайындағы тұтқынды құтқару оқиғасына баға берді
Полиция қызметкерлерінің барлық әрекеті кризистік жағдайлар жөніндегі регламент пен нұсқаулыққа қатаң сәйкестікте өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Арнайы бөлімшенің бұрынғы командирі Үсен Әбілбаев бүгін Алматы әуежайында болған резонанстық оқиғаға осылай пікір білдірді. Оның айтуынша, мұндай жағдайда психолог-келіссөз жүргізуші бірінші болып байланыс орнатуы тиіс.
Полиция қызметкерлері айналадағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық сақтық шараларын қабылдады. "Құқық қорғау қызметі туралы" заңның 60-бабына, ҚР Қылмыстық кодексінің 32-бабына ("Қажетті қорғаныс") және 34-бабына ("Аса қажеттiлiк") сәйкес олар қару қолдана алмады, әсіресе жабық кеңістікте. Сондай-ақ, олар қызметтік қару-жарақпен жабдықталғандықтан, тұтқын орнына өзін ұсыну мүмкін болмады, – деді Үсен Әбілбаев.
Оның айтуынша, Мұса Әбдірайым полициямен бірлесе әрекет еткен. Бұл жағдайда ең басты міндет – жағдайдың ушығуына жол бермеу болған.
Жабық ғимаратта қару қолдану одан да ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін еді. Бақытымызға орай, бұл азамат дәл сол жерде болды. Ол өте батыл, ержүрек адам екен. Мұндай шешімді кез келген адам қабылдай алмас еді. Ол қызды босатып, оның орнына өзі тұтқын ретінде берілді. Видеодан көрініп тұрғандай, қылмыскер басқалармен келіссөз жүргізе бастаған сәтте ер адам дер кезінде әрекет етіп, пышақты тартып алды. Бұл оның жылдам ойлау қабілетінің арқасында мүмкін болды, – деп түсіндірді Үсен Әбілбаев.
Айта кетейік, бүгін сағат 11:45 шамасында Алматы әуежайының ішкі рейстер терминалына жолаушы кірген. Авиациялық қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері одан құжаттарын көрсетуді сұраған. Алайда, ол тексеру қызметкерінің шашынан ұстап алып, пышақпен қорқыта бастаған.
Осы кезде оқиға куәгері өзін тұтқын орнына ұсынды. Кейін ол пышақты тартып алып, қылмыскерді залалсыздандырды. Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Кейінірек полиция ұсталған азаматтың бұрын автобус ішінде әйелге шабуыл жасағаны үшін сотталғанын да растады.
Мемлекет басшысының Жарлығымен экстремалды жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Муса Сайранбайұлы Абдраим "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды.
Бұдан бөлек Алматы әуежайында ерлік жасаған адам танымал әнші Бағлан Әбдірайымовтың туысы болып шықты.