ІІМ: 18 мыңнан астам жүргізуші көлікті мас күйінде басқарғаны үшін ұсталды
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, жол жүрісін қадағалау кезінде биыл 4,5 млн-нан астам жол жүрісі қағидаларын бұзушылықтардың жолы кесілген.
Барлық жол жүрісі қағидаларын бұзудың 43%-ы, яғни 2 294 277 белгіленген жылдамдықты асырып басқарғандар екенін атап өткен жөн. Сонымен қатар, 216 мыңнан астам жаяу жүргіншіге айыппұл салынды. Көлікті мас күйінде басқарғаны үшін 18 мыңнан астам жүргізуші ұсталды. 20 мың жүргізуші басқару құқығынан айырылды. 16 мың адам әкімшілік қамауға алынды, - деді Жандос Мұратәлиев.
Сонымен қатар ол елдегі жол-көлік оқиғалары мен жарақат алғандар бойынша статистиканың негізгі динамикасын – көшелерді қажетті жол инфрақұрылыммен және жол жүрісін реттеудің техникалық құралдарымен жабдықталған, қауіпсіз елді мекендер айқындайды деп отыр.
Жолдарды және көше-жол желісін тексеру тұрақты түрде жүргізіледі, олардың нәтижелері бойынша авариялық-қауіпті учаскелерді жою, сондай-ақ жол жүрісін ұйымдастырудың қазіргі заманғы техникалық құралдарын енгізу бойынша олардың иелеріне қатысты ұсыныстар енгізіледі. Биыл осындай 29 мыңға жуық тексеру жүргізілді, олардың нәтижелері бойынша анықталған кемшіліктерді жою жөнінде 29,6 мыңнан астам ұйғарым берілді. Ұйғарылған талаптарды орындамағаны үшін 3 мыңнан астам лауазымды және заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деді ІІМ өкілі.