ИИДМ құрылыс нарығын монополиясыздандыру жөнінде шаралар қабылдайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы талаптарды қайта қарап, жер учаскелерін конкурстан тыс беру тәжірибесін заңнамалық түрде алып тастауды жоспарлап отыр. 

Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев баяндады.

8 ақпанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ИИДМ-ге үстіміздегі жылдың мамыр айына дейін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп құрылыс нарығын монополиясыздандыру және оны бәсекелі негізде дамыту бойынша шаралар қабылдауды тапсырған болатын.

Осыған байланысты ведомстволар саланың осал тұстарын пысықтап, негізгі 3 бағыт бойынша шараларды айқындады. Олар:

- үлестік құрылысқа қатысуды реттеу;

- жер беру және құрылыс салуды жоспарлау;

- мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жетілдіру.

Әзірленген шараларды іске асыру үшін тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы талаптарды қайта қарау, сондай-ақ Жер кодексіне және Мемлекеттік сатып алулар туралы Заңға өзгерістер енгізу қажет, - деп айтты министр. 

Өскенбаевтың айтуынша, өзгерістер жер учаскелерін конкурстан тыс беруді алып тастауды, заңнаманы айналып өтуге талпынатындар үшін жауаптылықты күшейту және үлескерлердің қаражатын заңсыз тартуды анықтау арқылы үлестік құрылыстағы талаптарды жетілдіруді көздейді. 

Мемлекеттік сатып алуға қатысты айтсақ, материалдық ресурстарды көрсете отырып, тендер кезеңінде жұмыс өндірісі жобаларын ұсыну міндеттемесін енгізу, конкурсқа қатысу үшін сатып алудың шекті сомасын белгілеу, жұмыстар мен көрсетілетін қызмет түрлері бойынша төленген салық көрсеткішін шектеу, сондай-ақ қосалқы мердігерлікке қатысты өзара қарым-қатынасты әкімшілендіру, жауапкершілікті күшейту, берілетін жұмыстар көлемін шектеу және қосалқы мердігерлік жұмыстар құны бойынша демпингті белгілеу ұсынылады, - деді ҚР ИИДМ басшысы.

Министрдің баяндағандай, жақында заңнамаға енгізілетін түзетулердің тиісті пакеті әзірленеді. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы