ИИДМ: Қазақстан түрік инвесторларына ерекше көңіл бөледі
Елордада ИИДМ, Turkish Aerospace, ASFAT және YDA басшыларының кездесуі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметі мәлімдеді.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Turkish Aerospace, ASFAT және YDA жетекші түрік компанияларының, сондай-ақ KTM Invest қазақ-түрік бірлескен кәсіпорнының бірінші басшыларымен кездесті.
Іс-шара барысында өнеркәсіптік кооперация мен әскери-техникалық ынтымақтастықты дамыту, Anka ұшқышсыз ұшу аппараттарын сатып алу және жинау, Қарағанды облысындағы әскери қалашық объектілерін салу мәселелері талқыланды.
Аталған кездесу 2022 жылдың мамыр айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркия Республикасына ресми сапары кезінде берген тапсырмаларын іске асыру аясында өтті.
Сөз кезегінде ИИДМ басшысы Қазақстан мен Түркияның стратегиялық әріптестігінің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ кездесуге қатысушыларға екі ел арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін, оның ішінде «Қазақстандық авиациялық индустрия» ЖШС мамандарын оқыту бойынша көрсетілген көмек үшін алғыс білдірді.
Қазақстан түрік инвесторларына ерекше көңіл бөледі және жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Осы ретте бірлескен жобалардың маңыздылығы мен басымдылығын атап өткен жөн. Сонымен бірге болашақ инвесторларға оффтейк келісімшарттарды ұсыну мүмкіндігін қарастырамыз, - деді Қайырбек Өскенбаев.
Сондай-ақ министр Turkish Aerospace компаниясын Нұр-Сұлтан қаласында авиациялық-өнеркәсіптік парк құруға белсенді қатысуға шақырды. Аталған парктің зәкірлі кәсіпорны «Қазақстандық авиациялық индустрия» болмақ. Авиациялық кластер базасында ұшу аппараттары мен жинақтаушы бұйымдарды өндіру, сынау, жөндеу және сервистік қызмет көрсету жұмыстарын жолға қою жоспарлануда.