ИИДМ өкілдері педагогтердің тамыз кеңесіне қатысты

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова республикалық тамыз кеңесі шеңберінде өткен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары педагогтерінің пленарлық отырысына қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Алқалы жиын «Техникалық және кәсіптік білім: заманауи тренд және мүмкіндіктер» тақырыбына арналды. «Қазақстан индустриясын дамыту: жаңа мүмкіндіктер мен жаһандық трендтер» тақырыбында баяндама жасаған министрдің орынбасары Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіне барынша әсер ететін және кадрлар даярлау кезінде ескеру қажет жаһандық мегатрендтер туралы айтып берді. Сонымен бірге 2023-2029 жылдарға арналған өңдеу өнеркәсібі тұжырымдамасының негізгі қағидаттары, өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандырудың тікелей және жүйелі шаралары да сөз болды.

Баяндама барысында вице-министр жаһандық 7 мегатрендті атап өтті. Динара Ринатқызының айтуынша, бұл трендтерді өнеркәсіптік саясатты іске асыру кезінде міндетті түрде ескеру қажет.

Цифрлық технологиялар адам өмірінің барлық саласына және өндірістік процестерге белсенді түрде еніп жатыр. Биыл ҚР Үкіметінің Қаулысымен өңдеуші өнеркәсіпті дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған өзекті Тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдама шеңберінде 147 мыңға жуық жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Ендігі кезекте аталған жұмыс орындарына мамандарды сапалы даярлауды қамтамасыз ету қажет. Тұтастай алғанда, кадрлық әлеуетті дамыту үшін министрлік кәсіптік стандарттарды әзірлеуді және өзектендіру бойынша жұмыстарды жүргізеді. Солардың негізінде кейін білім беру бағдарламалары қалыптастырылады. Ведомство құзыреті шеңберінде барлығы 1500-ге жуық кәсіпті қамтитын 200-ден астам кәсіби стандартты әзірлеу және өзектендіру мәселелері бар, -деп атап өтті Д.Щеглова.

Өз сөзін қорытындылай келе, спикер техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары кадрлар бойынша сұранысты болжаудың форсайттық әдістерін қолдана отырып, мамандарды даярлау, бизнестің қатысуымен біліктілік талаптарын айқындау және өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды ескере отырып, кадрларды даярлауды жүзеге асыруы қажет екенін атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ИИДМ баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы