ИИДМ Есілде екі кеменің жүруіне тыйым салды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорданың көліктік бақылау инспекциясы Нұр-Сұлтан қаласы аумағында Есіл өзенімен жолаушылар мен туристерді тасымалдайтын 45 жолаушы сыйатын Астана 0731 РС және 70 жолаушыға арналған Есіл 0762 кемелерін пайдалануды тоқтатты.
2021 жылдың 3 шілдесінде өткізілген тексеріс қорытындысында кемелерді пайдалану ережелерін өрескел бұзған жағдайлар анықталды. Жолаушылар кемелерін қарау кезінде кеме құжаттары болмаған. Кемелердің командалық құрамын аттестаттаудан өткізу туралы және кеменің адамдарды тасымалдауға дайындығы туралы санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы жоқ.
Кемелердің командалық құрамын аттестаттау - кемені басқару, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кемені техникалық жарамды жағдайда ұстау және қоршаған ортаны қорғау шаралары үшін қажетті білім деңгейін растайтын рәсім.
Анықталған бұзушылықтар жойылғанға дейін бұл кемелерді пайдалануға тыйым салынды.
Кемелердің иесі - "ЖасНұр" ШҚ МКҚК және "Есіл-Астана" кеме қатынасы компаниясы" ЖШС-нің 5 лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды және заңнамаға сәйкес кемелерді пайдаланудың белгіленген қағидаларын қайтара бұзғаны үшін 5 АЕК айыппұл салынды.
Өткен навигацияда инспекторлар машина бөлімшесінен отынның ағуы, кеме құжаттарының дұрыс жүргізілмеуі, кей құжаттардың жоқтығы, сондай-ақ рөлді басқару орнын айналмалы шолумен қамтамасыз етпегені үшін 11 өзен кемесін (оның ішінде Астана 0731 РС және Есіл 0762) пайдалануға тыйым салды.
ҚР ИИДМ Көлік комитеті пайдаланудың белгіленген талаптардың мүлтіксіз орындалуын талап етеді және су көлігіндегі қауіпсіздік қағидалары бұзылғанын көрген азаматтардан Көлік комитетінің Ахуалдық орталығының тәулік бойы жұмыс істейтін 8(7172)98-35-35 нөмірлі сенім телефонына хабарлауды сұрайды. Фото және бейне материалдарды 8-708-088-08-00 нөмірімен what'sapp-қа жіберуге болады.