ИИДМ басшысы Румыния Парламентінің бір топ депутатымен кездесті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов сенатор Кристиан-Аугустин Никулеску-Цыгырлаш бастаған Румыния Парламенті депутаттарын қабылдады.
Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметі хабарлады.
Министр Румыния парламентшілерін экспорттық және импорттық операциялар кезіндегі көлік және логистика, өнеркәсіп және машина жасау салаларындағы ынтымақтастық перспективаларымен, сондай-ақ инвесторларға ұсынылатын мүмкіндіктермен таныстырды. Кездесуге қатысушылар сондай-ақ тікелей жүк және жолаушылар әуе бағыттарын ашу жайын талқылады.
Келіссөздер қорытындысында тараптар сындарлы диалог үшін ризашылықтарын білдіріп, Қазақстан мен Румыния арасындағы қарым-қатынасты дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Айта кету керек, 2021 жылдың 10 айында Қазақстан мен Румыния арасындағы тауар айналымы 39% артып, 1,4 млрд доллар болды (2020 жылдың бұл кезеңінде - 1,1 млрд доллар). Қазақстанда Румын капиталының қатысумен 24 компания тіркелген. Румынияда қазақстандық капиталдың қатысуымен 17 заңды тұлға жұмыс істейді. Румыниядан Қазақстан экономикасына салынған инвестициялар - 1,57 млрд доллар (2005 жылдан 2020 жылға дейін) болды.