ИИДМ басшысы Орталық Азиядағы қағаз өнімдерін өңдейтін ірі кәсіпорынның қызметімен танысты

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат  Қарабаев Алматы облысына сапары барысында Қарасай ауданы, Абай ауылындағы KZ Recycling ЖШС-не аялдап, өндіріс орынның әлеуетін пысықтап қайтты, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Бұл кәсіпорын 2003 жылы ашылып, Орталық Азиядағы қағаз өнімдері мен гофрленген картонның ірі өндірушісі саналады. Мұнда 800-ден астам адам еңбек етіп келеді. Компания жылына 100 мың тонна 50 түрлі өнім шығаруға қауқарлы.

Зауыт басшылығы ендігі кезекте өндіріске қажетті жабдықтарды алуды көздеп отыр. Қажетті қаражатты алу үшін Өнеркәсіпті дамыту қорына лизингке өтініш бергендерін жеткізді.

 

Одан кейін Марат Кәрімжанұлы «ПК Алтын Таға» ЖШС-нің қызметін бағамдап көрді. Өндіріс аумағында 29 блоктан тұратын зауыттың құрылысы жүргізіліп жатыр. Қазір мұнда 8 нысанды салу жұмыстары қарқын алған. Осы уақытқа дейін аталған компания құрылысқа 40 млрд теңгеден астам қаражат жұмсаған.

Сонымен қатар ведомство басшысы «Алматы тұрмыстық техника» зауытына да барғанын айта кетейік. Бұл кәсіпорын негізінен газ және электр плитасы сынды тұрмысқа қажетті техниканы шығаруды жолға қойған. Алдағы уақытта телевизор және кір жуатын машинаны да өндіруді қолға алмақ. Қазір зауыттың өндірістік қуаты жылына 50 мың өнім түрлерін шығаруға қабілетті. Келер жылы бұл көрсеткішті 100 мыңға жеткізу көзделген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ИИДМ баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы