ИИДМ басшысы Маңғыстау облысының тұрғындарымен кездесті

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесу барысында Қайырбек Өскенбаев Қазақстанның көлік саясатын жүзеге асыру барысындағы өңірдің рөлі ерекше екенін атап өтті. Ол Мемлекет басшысы еліміздің транзиттік-логистикалық әлеуетін дамытуға және отандық өнімнің қауіпсіз әрі үздіксіз экспортын қамтамасыз етуге көп көңіл бөлетінін атап өтті. Бұл бағытта Транскаспий көлік бағытына басымдық беріледі, сондықтан Үкіметке теңіз флотын нығайту және Ақтау портында контейнерлік хаб құру тапсырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында өңірдің әлеуеті зор екенін атап өтті. Біз өзіміздің мықты тұстарымызды ұтымды пайдаланып, Маңғыстау облысын әлемдік маңызы бар көлік-транзиттік торапқа айналдыруымыз керек, – деді Қайырбек Өскенбаев.

Аталған тақырып аясында Президент тарапынан жүктелген міндеттердің орындалуы туралы Ақтау теңіз сауда портының, Ақтау теңіз солтүстік терминалының, «Құрық порты» ЖШС және «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК басшылары баяндама жасады.

 «Ақтау теңіз солтүстік терминалы» ЖШС бас директоры Д.Қалиасқаров металл сынықтарын экспорттауға тыйым салуды алып тастау мүмкіндігі туралы сауал жолдады. Оның пікірінше, бұл қадам порт пен теңіз тасымалын қосымша жүктеуге мүмкіндік береді. ИИДМ басшысы аталған мәселеге түсіністікпен қарайтынын айтып, алайда тыйым салу тек мәжбүрлі шара ғана емес, сонымен бірге стратегиялық қадам екенін ерекше атап өтті.

Біз түрлі-түсті және қара металл сынықтарын қайта өңдейтін бірнеше зауыт ашуды жоспарлап отырмыз. Сондықтан отандық металдарды елден шикізат түрінде шығаруға шектеу қою керек. Халқымыз жер қойнауы байлығының қызығын өзі көруі керек, – деді Қ.Өскенбаев.

Министрмен әңгімелесу барысында облыс тұрғындары жол және тұрғын үй құрылысы, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, өнеркәсіп және басқа да тақырыптар төңірегінде сауалдар қойды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы