IFC Қазақстанға инвестиция көлемін ұлғайтып, жобалар портфелін кеңейтуді көздейді
1993 жылдан бері IFC Қазақстанның жеке секторындағы 115 жобаны қолдауға 2,9 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция салды.
Бүгін, 21 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев Халықаралық қаржы корпорациясының (IFC) Таяу Шығыс пен Орталық Азия бойынша өңірлік вице-президенті Имад Фахуримен онлайн-кездесу өткізді.
1993 жылдан бері IFC Қазақстанның жеке секторындағы 115 жобаны қолдауға 2,9 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция салды.
Кездесу барысында Имад Фахури корпорацияның Қазақстанмен ынтымақтастығын одан әрі кеңейту жоспарлары туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, 2026–2031 жылдары IFC жалпы сомасы шамамен 3 млрд АҚШ долларын құрайтын жобаларды пысықтауды жоспарлап отыр. Бұл қаражаттың шамамен 60%-ын жеке инвесторларды тарту есебінен, ал 40%-ын IFC-тің өз қаражаты есебінен қамтамасыз ету көзделген.
Мұндай тәсіл Қазақстан экономикасына жеке капитал тартуға және инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға жол береді.
Тараптар көлік инфрақұрылымы мен су секторындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын, сондай-ақ инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға жеке капитал тарту мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесуде мемлекеттік-жекешелік әріптестікті (МЖӘ) дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бұл тетік жеке инвестициялар тартумен қатар, инфрақұрылым нысандарын жобалау, салу және пайдалану сапасын олардың бүкіл өмірлік циклі бойы арттыруға мүмкіндік береді.
Осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі – 16 қазанда Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі мен Дүниежүзілік банк тобы арасында Қазақстанның бірлескен экономикалық зерттеулер бағдарламасы (JERP) аясында консультациялық қызметтер көрсету туралы келісімге қол қойылуы.
Аталған жұмыс институционалдық және рәсімдік кедергілерді жоюға, басым секторларда МЖӘ-ні дамыту бағдарламаларын әзірлеуге және инвестициялық ұсыныстар қалыптастыруға бағытталған.
Кездесу қорытындысында тараптар әріптестікті одан әрі дамытуға, жеке капитал тартуға және Қазақстанның инфрақұрылымын дамытуға ықпал ететін перспективалы жобаларды ілгерілетуге мүдделі екенін растады.