ХВҚ рейтингі: Қазақстанның экономикасы Орталық Азиядағы төрт елдің жиынтық көрсеткішінен жоғары
Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) бағалауынша, Қазақстан экономикасының көлемі 2026 жылдың қорытындысы бойынша Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан және Тәжікстан экономикаларының жиынтық көлемінен асып түседі. Бұл туралы қордың қазан айындағы World Economic Outlook шолуында айтылған.
ХВҚ биыл Қазақстанның номиналды жалпы ішкі өнімін (ЖІӨ) 397,92 млрд долларға бағалап отыр. Бұл қор деректері бар 191 елдің арасында 47-орынға сәйкес келеді.
ЖІӨ көлемі 178,17 млрд долларды құрайтын Өзбекстан 60-орында тұр. Түрікменстан 83 млрд доллармен 89-орынды, Қырғызстан 26,69 млрд доллармен 124-орынды, ал Тәжікстан 21,11 млрд доллармен 134-орынды иеленген.
Көршілес төрт елдің экономикасын қосқандағы жалпы көлемі шамамен 309 млрд долларды құрайды. Бұл Қазақстанның көрсеткішінен 89 млрд долларға аз. Экономика көлемі жағынан Қазақстан ең жақын көрші Өзбекстаннан екі есе алда.
Бір жыл бұрын қор Қазақстанның ЖІӨ көлемін шамамен 320 млрд доллар деп бағалаған еді. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 25 пайызға өсті. Қазір Қазақстан экономикасының көлемі Португалиядан (375,2 млрд доллар) және Финляндиядан (338,56 млрд доллар) жоғары.
Қордың есептеуінше, Қазақстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 19 мың доллардан асады.
ХВҚ Қазақстан экономикасының нақты өсімі 2026 жылы 4,4 пайызды, ал 2027 жылы 4,9 пайызды құрайды деп болжап отыр.
Өзбекстан экономикасы бұдан жылдамырақ өседі деп күтілуде. Қор биылғы өсім болжамын 6,8 пайыздан 7,8 пайызға дейін көтерді.