16 Қараша 2026, 16:45 Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

ХВҚ Қазақстандағы экономикалық реформаларға оң баға берді

Олжас Бектенов ХВҚ миссиясының басшысы Амина Ларешпен миссия қорытындылары мен алдағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады 

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) миссиясының Қазақстан бойынша басшысы Амина Ларешпен кездесті. Жиында Қор миссиясының қорытындысы шығарылып, Қазақстан мен ХВҚ арасындағы өзара іс-қимылдың жақын және орта мерзімді кезеңдегі перспективалары талқыланды.

Премьер-министр елімізде жүргізілген институционалдық реформалар туралы хабардар етті. Шілде айында Әділетті әрі Күшті Қазақстанның негізін қалаған Конституция күшіне енді. Үкімет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру аясында цифрлық экономиканы дамыту және экономикалық өсудің жаңа көздерін қалыптастыру бағытын жүзеге асыруды жалғастыруда.

Еліміздің экономикалық саясатын жетілдіру үшін халықаралық тәжірибені пайдаланудың және ХВҚ-мен сараптамалық диалог жүргізудің маңыздылығы атап өтілді.

Біздің диалог тұрақты миссиялар мен мақсатты консультациялар және ХВҚ тарапынан мемлекеттік органдарға техникалық көмек көрсету шаралары аясында жалғасуда. Осы миссияның қорытындылары бойынша ұсыныстар еліміздің макроэкономикалық және макропруденциалық саясатын одан әрі жетілдіру үшін пайдалы бағдар болады деп сенемін, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Амина Лареш миссия жұмысының қорытындысын жария ете отырып, Қазақстандағы макроэкономикалық ахуалға оң баға берді.

Біз Қазақстанға Президент халыққа Жолдауын жариялап, инфрақұрылымды дамыту және адам капиталына салынатын инвестициялардың маңызды басымдықтарын белгілеп бергеннен кейін көп ұзамай келдік. Қазақстанның экономикалық әлеуетінің зор екенін атап өткіміз келеді. Біздің арамыздағы диалог пен ұсынылып отырған ұсынымдар азаматтардың қажеттіліктерін ескере отырып, тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз етуге ықпал етеді деп үміттенеміз, – деп атап өтті ХВҚ миссиясының Қазақстан бойынша басшысы.

ХВҚ-ның қазан айындағы болжамына сәйкес, Қазақстан экономикасы 2026 жылдың қорытындысы бойынша тұрақты өсім көрсетуді жалғастырады, ал келесі жылы экономикалық өсім қарқыны жеделдей түседі. Қордың мәліметінше, Орталық Азия елдері, соның ішінде Қазақстан, жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесінде сыртқы факторларға тұрақтылығын сақтап отыр. Дамудың басымдықтары баға тұрақтылығы, ақша-несие және бюджеттік саясатты үйлестіру, бюджеттік резервтерді қалпына келтіру және сауданы әртараптандыру болып саналады.

2026 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 4,5%-ды құрады, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 4,9%-ға артып, 18,3 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында оң динамика байқалды, бұл ретте ең жоғары өсу қарқынын машина жасау (22,2%) және фармацевтика (50,9%) көрсетті. Ауыл шаруашылығы 5,2%-ға өсті.

Кездесу соңында Үкіметтің сындарлы диалогті қолдауға және перспективалы салаларда Қормен өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге дайындығы расталды. ХВҚ-ның барлық ұсыныстары мен ұсынымдарын салалық мемлекеттік органдар зерттейді.