Hummer, файер-шоу, мантия: Ақтауда балабақша түлектерінің кеші нағыз шоуға айналды

Ақтаудағы Alem Kids балабақшасының түлектері лимузинмен шығып, файер-шоуға толы кеш өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтауда Alem Kids жекеменшік балабақшасының түлектері ерекше салтанатпен қоштасу кешін атап өтті. Лимузин, кешкі көйлектер, тірі оркестр және әсерлі файер-шоу – бұл мерекені қала тұрғындары мен әлеуметтік желі қолданушылары әлі талқылап жатыр.

BAQ.KZ хабарлауынша, 24 түлек – Alem Kids балабақшасының тәрбиеленушілері – "Шахназ" мейрамханасына аппақ Hummer лимузинімен жеткізілген. Балалар салтанатты костюмдер мен көйлектер киіп, қызыл кілемге шыққандай сезініп, камералар жарқылдағанда мейрамханаға кірді.

Мейрамханада оларды жеке сыйлықтар, ойын-сауық бағдарламасы, би, түтін эффектілері, арнайы шоу және кештің шарықтау шегі – мантия тапсыру рәсімі мен қызу қол шапалақ астындағы файер-шоу күтіп тұрды.

Іс-шарадан түсірілген видео әлеуметтік желілерде тез таралып, қызу пікірталас туғызды. Бірі бұл әрекетті орынсыз сәнқойлық деп санаса, екіншілері "балалар нағыз мерекеге лайық" деп қолдап шықты.

Алты жасында лимузин қажет пе? Енді бірінші сыныпқа барарда тікұшақ жалдай ма? - деп пікір қалдырғандар болды.

Тағы бір желі қолданушысы тәртіп пен тәрбиені ата-анадан бастау керек екенін атап өтті.

Балабақша ұжымы мұндайды ұйымдастырмайды, ата-аналардың шешімі! Тәртіп пен тәрбиені солардан бастау керек! - дейді Ардақ есімді парақша тіркелушісі.

Ал енді бірі мұның есте қаларлық сәт болғандықтан, еш айып емес екенін жазды.

Бұл өте әдемі! Балалар үшін мәңгі есте қаларлық сәт. Жарқын мереке жасаудың несі айып? - деп жауап қатты басқалары.

Ақтау қалалық білім бөлімі Lada порталына видеороликтің шынымен Alem Kids балабақшасының түлектер кешінде түсірілгенін растады. Балабақша 2024 жылы ашылған. Ведомствоның мәліметінше, кеш шығындарын толықтай мекеме өзі көтерген.

Бұл балабақшаны биыл 24 тәрбиеленуші аяқтады. Мейрамхана жалдау, көлік, костюмдер, сыйлықтар мен шоу бағдарламасы – бәрі балабақша есебінен ұйымдастырылды. Ата-аналардан қосымша ақша жиналған жоқ, - деді қалалық білім бөлімінің баспасөз қызметі.

Alem Kids әкімшілігі бұл мерекені балалардың балалық шақпен қоштасуы, әрі олардың өміріндегі алғашқы үлкен шара ретінде қарастыратынын атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: видеодан скриншот
Өзгелердің жаңалығы