Хромтауда жаңғыртылған өрт сөндіру бөлімі ашылды
Ақтөбе облысының Хромтау қаласында Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов жаңғыртылған өрт сөндіру бөлімінің ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Нысан азаматтық қорғау органдарының инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңғырту аясында, жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен толық реновациядан өтті.
Салтанатты рәсімге облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, сала ардагерлері және қала тұрғындары қатысты.
1977 жылы салынған өрт сөндіру бөлімі ұзақ жылдар бойы өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келді. Уақыт талабына сай ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіліп, әкімшілік корпус, гараж бокстары мен жатақхана толық жаңартылды. Барлық нысандар құтқарушылардың қызметіне қойылатын заманауи талаптарға сәйкестендірілді.
Қазіргі таңда бөлімше оқу сыныптарымен, асханамен, душ бөлмелерімен, заманауи диспетчерлік жүйемен, газ-түтіннен қорғау қызметінің бекетімен, жабдық сақтайтын қоймалармен және өрт сөндіру техникасына арналған кең бокстармен жабдықталған. Жеке құрам үшін қолайлы тұрмыстық жағдай жасалып, «Batyr team» спорт залы ашылды.
Іс-шара барысында бірқатар қызметкерлерге қызметтік тұрғын үйдің кілттері табысталды. Сондай-ақ азаматтық қорғау жүйесін дамытуға үлес қосқан жергілікті атқарушы орган өкілдері Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволық наградаларымен марапатталды.
Айта кетейік, жаңғыртылған өрт сөндіру бөлімі халқы 46 мыңнан асатын Хромтау қаласы мен Хромтау ауданының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.