Христиан мейрамында Сумыда 31 адам мерт болды
Украинаның солтүстік-шығысындағы Сумы қаласына Ресей зымыранмен соққы жасап, кемінде 31 адам қаза тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі CNN-ге сілтеме жасап.
Мерт болғандардың қатарында екі бала бар.
Бұл – биылғы жылғы ең ауыр шабуыл, - деп мәлімдеді Украина президенті Владимир Зеленский.
Украина Төтенше жағдайлар қызметінің дерегінше, тағы 84 адам жарақат алған, оның ішінде жеті бала бар. Шабуыл қаланың дәл орталығында болған және соңғы бір жылдан бергі бейбіт тұрғындарға қарсы жасалған ең жойқын соққы болып отыр.
Президент Зеленский шабуылдың баллистикалық зымырандармен жасалғанын айтты. Ол халықаралық қауымдастықты Ресейге қарсы қатаң шара қабылдауға шақырды.
Ресей дәл осындай террорды қалайды және соғысты әдейі созып отыр. Агрессорға қысым көрсетпей, бейбітшілікке қол жеткізу мүмкін емес. Сөз зымыран мен бомбаларды тоқтата алмайды. Ресейді террористке лайықты түрде қарау керек, – деді ол.
Украина экономика министрі Юлия Свириденконың айтуынша, сол күні адамдар шіркеуге жиналып жатқан.
Сумы облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Владимир Артюхтың мәлімдеуінше, Ресей қаланың орталығына екі баллистикалық зымыран атқан.
Сол сәтте көшеде халық көп болған. Жау мақсатты түрде адамдарға барынша зиян келтіруді көздеді, – деді ол.
Сумы қаласы әкімінің міндетін атқарушы Артем Кобзар да құрбандар санын растады.
Бүгінгі зымыран соққысы салдарынан көптеген адам көз жұмды, – деді ол.