9 Қараша 2026, 04:14 Фото: inbusiness.kz

Хорватияда мұнай құбыры жарылып, ірі көлемде мұнай төгілді

Аумағы бірнеше мың шаршы метр жер ластанған.

Хорватияда JANAF мұнай құбырында болған апат салдарынан шикі мұнай кең көлемде төгілді. Қоршаған ортаға шамамен жарты миллион литр мұнай өнімі тараған. Ал ластанған аумақтың көлемі 6,6 мың шаршы метрге жеткен, деп хабарлайды iBAQ.KZ Euronews басылымына сілтеме жасап.

Оқиға 6 қарашада Сисак пен Славонски-Брод қалалары арасындағы құбыр учаскесінде, Првча елді мекеніне жақын жерде жөндеу жұмыстары кезінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа құрылыс техникасының бір бөлшегінің құлап, құбырды зақымдауы себеп болған. Соның салдарынан мұнай сыртқа төгілген.

Апаттық жұмыстар жүргізілгеннен кейін мұнайдың таралуын тоқтату мүмкін болды. Қазіргі уақытта мамандар төгілген мұнайдың шамамен 200 мың литрін жинап алған. Демек, ластанудың едәуір бөлігі әлі де апат болған аумақта қалып отыр.

Негізгі залал топырақ пен өсімдік жамылғысына келген. Ал JANAF компаниясы жергілікті тұрғындар мен ауызсумен жабдықтау жүйесіне қауіп төніп тұрған жоқ деп мәлімдеді. Мамандар ауа сапасын тәулік бойы бақылауды жалғастырып жатыр.

Компания өкілдерінің айтуынша, мұнайдың иісі әзірге жергілікті аумаққа ғана таралып отыр. Тазарту жұмыстары жүргізілген сайын оның біртіндеп басылуы күтілуде.

Экологиялық залалдың нақты көлемі әзірге анықталған жоқ. Сондай-ақ зақымданған учаске арқылы мұнай тасымалдау жұмыстарының қашан қайта басталатыны белгісіз. Бұдан бөлек, оператор апаттың шикізат жеткізу көлеміне қаншалықты әсер ететінін әлі бағаламаған.

JANAF Хорватияның Adria Адриатикалық мұнай құбыры жүйесін басқарады және мұнай тасымалдауды қамтамасыз етеді. Оның ішінде MOL тобына да шикізат жеткізеді. Желі бірнеше бағытты қамтиды, соның ішінде Венгрияға қарай бағытталған маршруттар бар.

Зақымданған учаске Сисак пен Славонски-Брод қалаларының арасында орналасқан. Компанияның техникалық құжаттамасында бұл бөлік Сисак – Вирье – Голу бағытының жеке желісі ретінде көрсетілген.