Хорватияда «Қазақстанмен достық ағашы» егілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Хорватияда фашизмге қарсы жауынгерлерді еске алып, «Қазақстанмен достық ағашын» екті. Елші Төлежан Барлыбаев Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында халық-азаттық қозғалысы мен партизандық күрестің орталығы болған Карловацкий жупаниясының Войнич муниципалитетіне барды.
Сапар барысында Қазақстанның Елшілігі Хорват-Қазақстан достығы қоғамымен бірлесіп, фашизмді Жеңудің 75-жылдығына және Қазақстан мен Хорватия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнауының 28-жылдығына орай іс-шаралар ұйымдастырды. Атап айтқанда, қаза тапқан жауынгерлер мен фашизм құрбандары мемориалына гүл шоқтарын қою рәсімі, сондай-ақ қалалық саябақта екі ел достығын білдіретін «Достық ағашын» отырғызу рәсімі өтті.
Войничтің мэрі Нэбойша Андричпен кездесуде қазақстандықтардың фашизмге қарсы күреске, олардың КСРО аумағында және еуропа елдерінде партизандық қозғалысқа қатысуының ерлік үлесі атап өтілді.
Өз кезегінде Т.Барлыбаев аймақ басшылығын Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері, Қазақстан-Хорват қатынастарының жай-күйі мен перспективалары туралы хабардар етті.
Іскерлік ынтымақтастықты дамыту мақсатында Елші аймақтың жетекші «DW Reusables d.o.o.» кәсіпорнында болып, компанияның өндірістік әлеуетімен танысты.
Сапар соңында дипломат аты аңызға айналған Петрова Гора тауына барды. Онда 1941 жылдың қазан айында бұрынғы Югославия халық-азаттық қозғалысының орталық штабы өз жұмысын бастап, сегіз партизандық госпиталь, баспахана, әскери-механикалық шеберханалар, ұстахана, дәріхана, былғары зауыты және наубайхана орналастырылды.