ХОК алғаш рет олимпиадашыларға 10 мың доллардан төлей бастайды: Грантты кімдер алады?
Спортшыларды қолдаудың жаңа бағдарламасы іске қосылды.
Халықаралық Олимпиада комитеті тарихта алғаш рет барлық Олимпиада қатысушыларына 10 мың доллар көлемінде грант алу мүмкіндігін ұсынады.
ХОК Лозаннада өткен 146-шы сессиясында спортшыларды қолдауға арналған «Fit for the Future Olympian Grant» атты жаңа бағдарламаның іске қосылғанын жариялады. Бұл төлемнен алғашқы болып 2026 жылы Милан мен Кортина-д’Ампеццода өтетін қысқы Олимпиада ойындарының қатысушылары үміткер атана алады.
Комитеттің мәліметінше, бұл грант спортшылардың мансабын аяқтағаннан кейінгі кезеңде оларды қолдауға және одан арғы кәсіби дамуына бағытталған «Fit for the Future» бағдарламасының бір бөлігі.
Төлемді алу құқығына 2026 жылдан бастап Олимпиада ойындарына қатысқан және тиісті аккредитациясы бар барлық атлеттер ие болады. Бұл ретте бағдарлама тек жүлдегерлерге ғана емес, қатысу шарттарын орындаған және антидопинг ережелерін бұзбаған барлық олимпиадашыға қолданылады.
Грантқа шамамен 14 мыңға жуық спортшы үміткер бола алатыны аталып өтті. Қаржы ұлттық олимпиада комитеттері арқылы бөлінеді.
ХОК Спортшылар комиссиясының төрағасы Пау Газоль бұл төлемнің жүлде қоры еместігін баса айтты:
Бұл грант әрбір олимпиадашыға қолжетімді болады. Тек жүлдегерлерге ғана емес. Тек белгілі бір елдердің спортшыларына ғана емес. Өйткені әр атлеттің жолы бірегей. Олимпиада аренасына шығу үшін әрқайсысы құрбандықтар мен қиындықтардан өтті. Бұның артында өз ісіне деген көпжылдық адалдық, қажырлы еңбек пен арманға деген сенім тұр. Біз бұл қаржының жүлде қоры емес екенін баса айтқымыз келеді. Бұл - олимпиадашы атану үшін қажет болған жүріп өткен жол мен қажыр-қайратты мойындау. Бұл - осы жолды бұрынырақ салып кеткендерге көрсетілген құрмет, - деп атап өтті ХОК Спортшылар комиссиясының төрағасы Пау Газоль.
Қазіргі уақытта ведомство өтінім беру механизмін әзірлеп жатыр. 2026 жылғы Олимпиада қатысушылары үшін құжаттарды қабылдау ағымдағы жылдың соңында ашылып, алғашқы төлемдер 2027 жылы басталады деп күтілуде.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда балалар спортын қолдауға 50 млрд теңгеден астам қаржы бөлінгені хабарланды.