ХҚКО жанында жүретін делдалдар қызметін тыю қиын болып тұр
Алматы, BAQ.KZ. Еліміздегі ХҚКО-лар маңынан делдалдарды жиі кездестіруге болады. Олар электрондық қызметтерді алуды жеделдетеміз, жеңілдетеміз деп өз қызметтерін ақылы түрде ұсынып жатады.
АвтоХҚКО-лар маңында да «сақтандырушылар» атын жамылып делдалдар жүреді. Құқық қорғаушылар құрығына ілініп, жазаланып жатқаны да аз емес. Бұл жағдай «Азаматтарға арналған үкіметке» белгілі болғанымен, оның жолын тыю оңай болмай тұр. Қазір делдалдарға қатысты мәселе барлық деңгейдегі тиісті орында қарастырылып, құқық қорғау органдары жұмылдырылған.
Жақында Алматыдағы Саялы шағын ауданында орналасқан АвтоХҚКО-ның көлік құралдарын тіркеу қызметі Автодом ғимаратына көшкені белгілі. АвтоХҚКО-ны төңіректеп жүрген делдалдар енді автодомды жағалай бастады. Осыған дейін автодомда отырған «сақтандырушылар» және Автоцонға ілесе келген делдалдар арасындағы жаға жыртысу сәті де қызмет алушылардың бейнетаспасына түсіп, автоцон атына кір келтіруде.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалының баспасөз қызметінің басшысы Жаңыл Әпетованың айтуынша, делдалдардың жаппай пайда болу себептерінің бірі – электрондық сандық қолтаңба болып отыр. Халықтың көбі ЭЦҚ-ны қалай пайдалану керектігін және оны қайдан алу керектігін түсінбейді немесе білмейді. Пандемия жағдайы азаматтардың онлайн қызметті еріксіз онлайн алуына мәжбүрледі. Сондықтан өткен жылы Цифрлық даму министрі eGov mobile қосымшасында тіркелу кезінде биометрияны іске қосу бойынша басым міндетті анықтады. Бұл халыққа бір минут ішінде өз смартфонынан ЭЦҚ мен қажетті анықтаманы алуға мүмкіндік берді. Бүгінде қосымша барлығына қолжетімді. Сондықтан Азаматтарға арналған үкімет сол қосымшаны пайдалануға кеңес береді.
ХҚКО жұмыс кестесіндегі шектеулер де делдалдардың жұмысын қыздыра түсті. Пандемия кезінде ХҚКО-да қызмет көрсету СЭС бекіткен кесте бойынша жүргізілді. Жұмыс уақытында қызмет алуға үлгермегендер оны алу жолдарын табуға тырысты, осылайша кәсіпкерліктің жаңа түрі пайда болды (көмектесушілер немесе «делдалдар»). Қазір ХҚКО-ларда eGov-бұрыштары мен өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары жұмыс істейді және қызметтің шамамен 50%-ы осы сектор арқылы өтеді. Онда ХҚКО мамандары үйден шықпай-ақ қандай да бір мемлекеттік қызметтерді тегін алуды түсіндіреді. Өткен жылы республика бойынша аталған секторда 9,2 млн қызмет көрсетіліп, 7,3 млн адам өз бетінше қызмет алған, - дейді ол.
ХҚКО-да азаматтардың дербес мәліметтерін таратады деген әңгімелер де жиі айтылып қалып жатады. Ол жалған ақпарат көрінеді. Клиенттер делдалдарға здері жүгініп, қарапайым әрекеттерді орындау үшін өзінің мәліметтерін ұсынады екен.
Біз азаматтарға БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы, бөгде ұйымдардың қызметіне жүгінбеуін үнемі ескертіп отырамыз. Мұның бәрін үйде, жұмыста өз бетінше ресімдеуге болады. Егер сіз білмесеңіз, біз үйрете аламыз. YouTube арнасында біздің бейне нұсқаулықтарымыз бар. Делдалдарға жүгіну дербес деректердің жоғалуына немесе олардың дұрыс пайдаланылмауына әкеп соғуы мүмкін. Оның мысалдары жоқ та емес. Мәселен, Астана ХҚКО-сы маңындағы делдалдарға жүгінген әйел, артынан оның ЭЦҚ-сын пайдаланып, үйіне 3-4 адамды тіркеп тастағанын білді. Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, делдалдық жасап жүрген жандармен тиісті органдар айналысады деп үміттенеміз, - дейді Жаңыл Әпетова.