Хиуаз Доспанованың 100 жылдығына арналған архив көрмесі өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы «Орталық мемлекеттік архив» РМК директоры Сәбит Шілдебай әлеуметтік желіде жазды.

Бүгін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттама басқару комитетінің «Орталық мемлекеттік архив» РММ мен «Ерлік жолымен» зерттеу орталығы» қоғамдық қорымен бірлесе отырып, қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы, Халық қаһарманы Хиуаз Қайырқызы Доспанованың 100 жылдығына арналған Х.К.Доспанованың жеке тектік қорының түпнұсқа құжаттарынан көрме ұйымдастырып, артынан дөңгелек үстел өткізді.

Сан қилы оқиғаларға толы онжылдаған уақыт өтсе де адамдардың жадында сөнбес сәуле секілді орын алатын жеке тұлғалар бар. Жылдар өткен сайын қаһарман ерлердің тарихи тұлғасы зорая түседі. Батырлар тарихы адамды өзінің елін, туып-өскен жерін сүюге үйретеді. Біздің батырларымызды есте қалдыру – ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа берілетін игі дәстүр.

Мәдени шараның мақсаты – Х.К. Доспанова секілді Ұлы Отан соғысы жылдарында қан майданда ұрысқа қатысқан қазақ әйелдерінің батырлық жолын көрсету арқылы өскелең ұрпақты патриотизмге баулу, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезініп, азаматтық борышын адал өтеуге үндеу, ерік-жігерін нығайтып, Отанына қалтқысыз қызмет етуге шақыру.

Іс-шараға Х.Қ. Доспанованың ұлы Е.Ш. Амиров, тарихшы-ғалымдар Л.С. Ахметова, С.Ә. Смағұлова, А.Ә. Жүнісбаев, З.М. Төленова, Р.Е. Оразов және т.б., әскери қызметкерлер, студенттер, магистранттар, докторанттар, БАҚ өкілдері қатысты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы