Хирургияда дәрігермен бір толқында жұмыс істеу маңызды – операциялық медбике
ҚР ПІБ МО ауруханасының операциялық мейірбикесі Торым Айгелдиева таңдаған мамандығына еш өкінген емес. Күніне 5 операцияға қатысып, дәрігер мен науқасқа білімді де білікті, сенімді де жауапты көмекші бола білген мейірбикенің хирургия саласындағы еңбек өтілі 37 жыл. BAQ.KZ тілшісі батыл шешіммен хирургия бағытын таңдаған тәжірибелі медбикемен сұхбаттасқан болатын.
– Медицина саласына қалай келдіңіз, еңбек жолыңыз жайлы баяндап берсеңіз.
– Мен мектепте өзімнен үлкен әпкелеріме қарап мұғалім боламын деп жүрдім. Тек жоғары сыныпты бітірер кезде бала кездегі арманым қайта оянды. Бала күнімде есімде, ауылдағы медицинкалық пункке екпе салдыруға баратынмын. Ішінде аппақ киіммен әп-әдемі болып медбике отыратын. Ол сылдырлатып шприцтерді жинап жататын дауыс әлі күнге дейін құлағымда. Бір күні ол кісі маған «Сен қандай жақсы қызсың, ата-анаңды ертпей, өзің келіп-кетесің» деп айтқаны бар. Мен одан сайын қанаттанып барып келемін. Мейірбикенің жұмысын ұнатқан сол бала көңілім мамандық таңдауда нақты шешімге алып келді. Анама дәрігер боламын деп едім, Алматыға мені апаратын адам болмады. Сөйтіп Қызылорданың медициналық училищесіне емтихан тапсырып, оқуға түстім. Оқуды 1986 жылы үздік аяқтап, алғаш еңбек жолымды 19 жасымда Байқоңыр қаласындағы аурухананың хирургия бөлімінде бастадым. Сол жерде 30 жыл үздіксіз еңбек еттім. Ал 2015 жылы елордаға қоныс аударып, ҚР ПІБ МО ауруханасына жұмысқа орналасып, әлі күнге дейін Операциялық блогта медбике болып жұмыс істеп келемін.
– Неліктен хирургия бағытын таңдадыңыз, мұнда жұмыс істеудің басқа бағыттардан айырмашылығы қандай?
– Училищеде кураторымыз хирург болатын. Ол бізді жұмысына практикаға жиі апаратын. Онда науқастардың жараларын таңып, операциялық құрал-саймандармен танысып, көмектесіп жүретінбіз. Оқу барысында терапия, балалар инфекциясы бөлімдеріндегі жұмыс барысымен таныстым. Бірақ маған балаларды жылатып тұрып екпе салған процесс аса ұнамады. Сосын өндірістік практикада 1 ай хирургия бөлімшесінде тәжірибеден өтіп, қызығушылығым арта түсті. Оқу бітірген соң хирургияға барамын деген шешімге келдім. Аға-жеңгелерімнің «қанның ортасында қиын болады» деген қарсылығына қарамастан, өз дегенімде тұрдым. Байқоңыр қаласындағы ауруханаға жұмысқа орналасуға келгенімде терапия, балалар соматикасы және хирургияда бос орын бар деді. Салмағы 42 келі, бойы кіп-кішкентай, арық қыздың хирургияны таңдағанына кадр бөліміндегілер қатты таңданды. Қиналыс пен қателіктер болды, уақыт өте бәрін терең меңгеріп алдым. Таңдаған мамандығыма еш өкінген емеспін. Анам хал үстінде жатқанда күтім көрсеттім, сонда анам ақ батасын беріп, дұрыс жолды таңдағаныма ризашылығын білдірді.
– Сонда қандай қателіктер орын алды?
– Ол кезде жаспыз ғой. Дәрігерлердің тапсырмаларын уақытылы орындамаған сәттеріміз көп болды. Одан өзімізге сабақ ала жүріп, хирургияда дәрігермен бір толқында жұмыс істеудің маңыздылығын түсіндім. Кейін дәрігерді айтқызбай-ақ, әр хирургтың өзіне қолайлы құрал-сайманын алдын ала дайындап тұратын деңгейге жеттім. Мысалы, қазір мен 5 дәрігермен жұмыс істесем, бесеуінің операция жасау икемі әртүрлі. Тіпті кейде дәрігердің көңіл күйі түсіп келсе, жақсы сөзбен көңілін көтеруге тырысасың. Өйткені операция барысы дәрігердің көңіл күйіне де тікелей байланысты.
– Хирургия мейірбикесінің атқаратын міндетіне қандай жауапкершіліктер жүктеледі?
– Біз операциядан кейін науқасты мүлде көрмейміз, әрі қарай ояту палтасының мейірбикелері күтіп алады. Бұл ауруханада 11 операциялық зал болса, оның ішінде кардиохирургияда ғана жұмыс істеп көрмедім. Қалған көз микрохирургиясы, жалпы хирургия, травматология, қантамырлық хирургия, гинекология, аритмология, рентгенохирургия, оториноларинголо́гия, урология бөлімшелерінің бәрінде басқа мейірбикелермен ауысып жұмыс істей береміз. Мұнда күніне барлығы 40 шақты, бір залда үшеу, бір залда 5–8 аралығында операция жасалады. Әр операция күрделілігіне қарай әртүрлі уақытты қамтиды. Мысалы, 15 минуттық операция 2 сағатқа созылуы мүмкін немесе керісінше. Қазіргі уақытта мен урология бөлімшесінің тұрақты мейірбикесімін. Операция залындағы барлық жабдыққа, құрал-сайманға, қымбат дәрі-дәрмекке жауаптымын. Операциядан кейінгі және дейінгі залдың дайындығы менің бақылауымда. Дәрігерге операция кезінде қажетті құрал-сайманды уақытында ұстатып отыру басты міндетім. Науқастардың да көңілдеріне сенім ұялатып, олардың қал-жағдайын сұрап, жылы сөзбен көңілін жайландыру да мейірбикенің адамдық парызы деп айтар едім.
– Операция бөлімінде санитарлық талаптардың ескерілуі қаншалықты маңызды?
– Инфекцияны болдырмауға қарсы асептика және антисептикалық іс-шаралар бізде қатаң сақталады. Сырттағы инфекцияны ішке кіргізбеу үшін үстіміздегі киімнен бастап, аяқ киімге дейін түгел ауыстырамыз. Медициналық тексерістен өткеніміз туралы құжат алдымен түгенделеді. Бөлімшеге кірген соң қолымызды сабындап жуып, антисептикпен сүртеміз. Операция залына маскасыз кіруге болмайды. Ондағы зарарсызданған заттарды ұстау үшін біздің де тазаланып кіруіміз өте маңызды. Операция үстелін тазалау жұмыстары да санитарлық қатаң талаптарға сай орындалады.
– Сіздің мамандығыңызға деген сүйіспеншілігіңіз балаларыңызға үлгі болып, мамандық таңдауда әсер ете алды ма?
– Үлкен ұлым Медициналық колледжді аяқтап, мейіргер болады ма деп едім, әрі қарай Ресейдің Орынбор қаласында дәрігерлік оқуды жалғастырды. Бүгінде лор дәрігері болып жұмыс істейді, келінім кардиолог. Кіші ұлым қазір 16 жаста. Он бірінші сыныпты бітірген соң тіс дәрігерлігіне оқуға түсемін деп отыр. Мен де ұлдарымның медицина жолын өз қалауларымен таңдағанына қуанамын.
– Әңгімеңізге рахмет!