ХІІІ ғасырда Римнен де үлкен болған: Алтын Орда қалалары қандай еді?
Алтын Орда құрамындағы Сыр бойы қалалары, Еділ Бұлғариясы, Қырым түбегі, Мауераннахр, Кавказ өңірі және Шығыс Русь жерлерінде ірі шаһарлар қалыптасқан.
Алтын Орда туралы сөз болғанда көпшілік санасында әлі күнге дейін «көшпенділер мемлекеті» деген түсінік басым. Алайда тарихшылар бұл пікірдің біржақты екенін айтады. Себебі Жошы ұлысы әскери қуатымен ғана емес, дамыған қала мәдениетімен, халықаралық сауда жүйесімен және әкімшілік басқару құрылымымен ерекшеленген.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен Алтын Орда халықаралық симпозиумында ғалымдардың деректеріне сүйене отырып, алып империя құрамында жүзден астам қала болғанын айтқан еді. Бұл Жошы ұлысының тек көшпенділерден құралмағанын, отырықшы мәдениеттің де жоғары деңгейде дамығанын көрсетеді.
Тарихшылардың дерегінше, Алтын Орда құрамындағы Сыр бойы қалалары, Еділ Бұлғариясы, Қырым түбегі, Мауераннахр, Кавказ өңірі және Шығыс Русь жерлерінде ірі шаһарлар қалыптасқан. Ол қалаларда базарлар, діни ғимараттар, әкімшілік орталықтар мен әскери бекіністер жұмыс істеген.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты, e-history.kz порталының бас редакторы Алтынбек Құмырзақұлының айтуынша, Алтын Орда дәуіріндегі қалалардың дамуы қазіргі қоғамда қалыптасқан кейбір стереотиптерді жоққа шығарады.
Бүгінде еуроцентристік көзқарас бойынша көшпенділерде өркениет болмаған, мемлекет қалыптаспаған деген пікірлер кездеседі. Бұл – жаңсақ түсінік. Біз сақ-ғұн, түркі кезеңінен бастап Алтын Орда дәуіріне дейін көшпенділер өркениетін қалыптастырып қана қоймай, гүлденген қала мәдениетін де дамыттық. Оның дәлелі ретінде Тараз, Отырар, Сауран, Алмалық, Сарайшық, Жанкент сияқты қалаларды айтуға болады, - дейді ол.
Сарай-Берке Римнен де үлкен болған
Жошы ұрпақтары салған Сарай-Бату мен Сарай-Берке қалалары өз дәуірінде шығыс пен батысты жалғайтын маңызды орталықтарға айналды. Мұнда халықаралық сауда жүргізіліп, саяси мәселелер шешілген.
Тарихшының айтуынша, Сарай-Беркенің халқы сол кезеңдегі Еуропаның көптеген қаласынан көп болған.
Зардыхан Қинаятұлының “Қазақ мемлекеттілігі және Жошы хан” еңбегінде Сарай-Беркеде 100 мың тұрғын болғаны айтылады. Онда Зиннур Әһлиуллиннің дерегі келтіріліп, ХІІІ ғасырда Римде 35 мың, Парижде 58 мың адам тұрғаны жазылған. Сарай-Берке ол кезде халқының саны жағынан тек Бағдадтан ғана кейін тұрған ірі шаһарлардың бірі еді,-дейді тарихшы.
Бұл деректер Алтын Орданың тек әскери мемлекет емес, урбанизациясы жоғары дамыған империя болғанын көрсетеді.
Өртең жүйесі сауданың дамуына жол ашты
Алтын Орда кезеңінде Еуразия кеңістігін байланыстыратын өртең немесе пошта-байланыс жүйесі ерекше рөл атқарды. Бұл жүйе арқылы мемлекеттік хабарламалар мен сауда керуендері қауіпсіз әрі жылдам қозғалған.
Бату хан мен Өгедей хан тұсында Сарай-Бату мен Қарақорым арасындағы қатынас күшейіп, шығыс пен батысты байланыстыратын тұрақты бағыттар қалыптасты.
Өртеңдер алып империяның экономикалық күретамыры саналған Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда бағыттарын қорғауға үлкен ықпал етті. Соның арқасында батыс пен шығыс арасында үздіксіз керуендер қатынап тұрды, - дейді ол.
Тарихшының пікірінше, бұл жүйе Алтын Орданың экономикалық қуатын арттырған негізгі факторлардың бірі болған.
Су құбыры мен жылыту жүйесі болған
Алтын Орда қалаларының жоғары деңгейде дамығанын археологиялық зерттеулер де дәлелдейді.
Сарай-Бату мен Сарай-Беркеде жүргізілген қазба жұмыстары кезінде су құбырларының, жылыту жүйелерінің және тас төселген көшелердің іздері табылған. Қалалардағы хан сарайлары қорғаныс қабырғаларымен қоршалып, сәулет өнері ерекше дамыған.
Археологиялық деректерге сүйенсек, қалаларда су құбыры, жылыту жүйелері болған. Көшелерге тас төселіп, бекіністер салынған. Бұл қалаларда тек мұсылман халықтары ғана емес, әртүрлі этностар мен елдердің өкілдері өмір сүрген, - деп мәлімдеді тарихшы.
Мұның өзі Алтын Орда қалаларының халықаралық сауда мен мәдени байланыстардың орталығына айналғанын аңғартады.
Сығанақтағы базарда күніне 500 түйе сатылған
Алтын Орда дәуірінде Қазақстан аумағындағы Сығанақ, Сарайшық, Отырар және Түркістан қалалары да қарқынды дамыды.
Солардың ішінде Сығанақ ерекше маңызға ие болды. Бұл қала саяси, экономикалық әрі рухани орталық қызметін атқарған.
Фазлаллах ибн Рузбихан Сығанақты Дешті Қыпшақтың шекарасы, Түркістанның орталық шебі деп сипаттайды. Оның жазуынша, Сығанақ базарында күн сайын бес жүз түйенің еті қуырылып, кешке қарай түгел сатылып кететін болған. Бұл қаладағы сауда айналымының қаншалықты жоғары болғанын көрсетеді, - дейді Алтынбек Құмырзақұлы.
Сонымен қатар Сығанақ қазақ хандары мен ақсүйектері жерленетін қасиетті орындардың біріне айналды. Орыс хан тұсында мұнда хан сарайы салынып, әскери күштер ұйымдастырылғаны туралы деректер сақталған.