ХІ қысқы гимназиаданың алғашқы жеңімпаздары анықталды
Мектеп оқушылары арасындағы ХІ қысқы гимназиаданың алғашқы жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Щучинск қаласындағы Олимпиадалық даярлау орталығы базасында өткен қысқы президенттік көпсайыс, қысқы спорттық бағдарлау және шаңғы жарыстарының жеңімпаздары белгілі болды, деп хабарлады Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының мамандары. Спорттың үш түрі бойынша 380 оқушы сынға түскен болатын.
Қысқы президенттік көпсайыста Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай облысының оқушылары жеңіске жетті. Қысқы спорттық бағдарлаудан Шығыс Қазақстан облысы, Астана қаласы, Солтүстік Қазақстан облысының оқушылары үздік үштікке енді. Ал шаңғы жарысынан Ақмола, Қостанай және Павлодар облысының оқушылары жеңімпаз атанды,– дейді Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бас директоры Сағдат Садықов.
Айта кетейік, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен елімізде спорттың сегіз түрінен ХІ қысқы гимназиада өтуде. Оған еліміздің барлық өңірінен 700-ге жуық оқушы қатысып жатыр.
Гимназиада аясында наурыздың 27-30 аралығында Астана қаласында шорт трек, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау жарыстары өтеді. Шайбалы хоккей 10-18 сәуірде Өскемен қаласында жоспарланған. ХІ қысқы гимназиада 14-21 сәуірде елордада өтетін бенди жарысымен қорытындыланады.