Шетелден 330 млрд доллар инвестиция тартылды – президент

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тәуелсіздіктің 28 жылында ЖІӨ абсолютті өлшемде 16 есеге өсіп, 180 млрд доллар болды. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан Орталық Азияда көш бастап келеді. Бізге шетелден 330 млрд доллар инвестиция тартылды. 

Бұл туралы ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Тәуелсіздік күні қарсаңында елімізге еңбегі сіңген тұлғаларды мемлекеттік наградалармен марапаттауға арналған салтанатты жиында айтты.

Мемлекет басшысы алдымен Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

Еліміздің басты мерекесі – қасиетті Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын. Мерейлі мемлекет болғанымызға 28 жыл толды. Бұл тарихи белестеріміздің бастауы, ұлы мейрам. Бүкіл еліміз үшін бұдан асқан айтулы күн, маңызды мереке жоқ. Тәуелсіздік – ұлтымыздың баға жетпес байлығы. Біздің буын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында халқымыздың асқақ арманын ақиқатқа айналдырды. Байрақты бабаларымыз бізге ұлан-байтақ жерді мұра етіп қалдырды. Олардың аманаты адал болу – баршамыздың киелі парызымыз. Азаттық үшін алысып, ел үшін жан пида еткен батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Еліміздің алтын дәуірі, дербес дамуы егемендік алған күннен басталды. Көптеген жетістікке қол жеткіздік. Әлем бойынша тоғызыншы орындағы жеріміздің шекарасын толық шегендедік. Бүкіл әлем Тәуелсіз Қазақстанды сенімді серіктес ретінде таныды. Алатаудың баурайынан елордамызды арқа төсіне көшіріп, Есілдің жағасына ел қондырдық. Бас қаламыз аса маңызды халықаралық жиындардың орталығына айналды, - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

1991 жылдан бері еліміздің ЖІӨ абсолютті өлшемде 16 есеге өскен. Ал елімізге сеніммен қарайтын шетелдік инвесторлар 330 млрд доллар инвестия құйған.

Мемлекеттік және азаматтық институттарға негізделген басқару жүйесін жетілдірдік. Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту басты міндетіміз болды. Қиындыққа толы алғашқы жылдарда экономикада түбегейлі реформаларды қолға алдық. Соның арқасында 28 жыл ішінде ЖІӨ абсолютті өлшемде 16 есеге өсіп, 180 млрд доллар болды. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан Орталық Азияда көш бастап келеді. Бізге шетелден 330 млрд доллар инвестиция тартылды. Осының бәрі ең алдымен халқымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Бұл еліміздің абыройын және кемелдігін айқын көрсетеді. Тарихта тұңғыш рет халқымыз өз тағдырына ие болды. Бүгінде азаматтарымыз өзінің және елінің болашағына нық сеніммен қарайды. Еліміз сан қилы тарих зұлматтарын өткеріп, еңсесін тіктеді. Халық саны 2 млн-ға көбейіп, демографиялық дағдарысты еңсердік. Қазір біз 18,5 млн-нан астық. Мемлекетіміздің даму бағдарын өзіміз айқындауға мүмкіндік алдық. Бүгінде еліміздің жаңғыру үлгісін – "Қазақстан жолы" деп айтады. Осындай ауқымды өзгерістерге Тұңғыш президентіміз – Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы және көшбасшы болды. Барлық салада толайым табысқа кенелдік деп күмәнсіз айтуға болады. Мұны бүгінгі және келер ұрпақ бағалауы керек. "Бейнет көрмей, дәулет жоқ" деп хакім Абай айтқандай, біз бұған оңайлықпен жеткен жоқпыз. Сондықтан бұл мереке халқымызға ортақ той, мәртебелі мереке. Тәуелсіздіктен – асқан құндылық жоқ, - деді мемлекет басшысы.

Қазақстан президенті бүгін "Жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы, "Отан" ордені, І дәрежелі "Барыс" ордені, ІІ дәрежелі "Барыс" ордені, ІІІ дәрежелі "Барыс" ордені, "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағы, "Парасат" ордені, ІІ дәрежелі "Достық" ордені, "Құрмет" ордені, ІІ дәрежелі "Еңбек даңқы" ордені, ҚР әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2019 жылғы мемлекеттік сыйлығының лауреаттарын марапаттады. 


Марапат алған тұлғалардың арасында Роза Рымбаева, Илья Жақанов, Сауытбек Әбдрахманов, Ерлан Қарин, Берік Уәли, Димаш Құдайберген бар. Толық тізімді мына сілтемеден оқи аласыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы