Хайуанаттар бағына Прагадан әкелінген 16 жастағы ақ аю өліп қалды
Том атты ақ аю Алматыға өткен жылы наурыздың аяғында әкелінген, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Аюдың өлімі жайлы Прага хайуанаттар директоры Мирослав Бобек өзінің Facebook парақшасында жазды. Оның айтуынша, ақ аю 4 мамырда өлген, алайда Алматы зообағы бұл жөнінде оларға 22 мамырда ғана хабар берген.
Біз оның жағдайы жөнінде соңғы рет 15 сәуірде мәлімет алдық. Онда аюдың жағдайы жақсы екені жазылған. Одан бері ешқандай хабар келмей қалғандықтан, Қазақстанға қызметкерімізді жөнелтуді шештік. Бірақ 22 мамырда Алматы зообағы Томның өлгенін айтқан. Олар бұл хабарды неге 18 күн бойы жасырғанын түсінбеймін. Томның өлімі бойынша ашық тергеуді талап етеміз және шағымды EAZA'ға (Зообақтар мен аквариумдардың еуропалық ассоциациясы), Чехияның Қазақстандағы елшілігіне және Қазақстанның Чехиядағы елшілігіне жібереміз, - деді Мирослав Бобек.
Қазақстан жағы аюдың өліміне "мұрын және маңдайдың қабынуынан ірің ағып, улы зат ағзаға тарап, мидың ісінуіне алып келгені" себеп болғанын хабарлаған.
Алматы хайуанаттар бағындағы жағдай біздікіне қарағанда жақсы, Томның көбеюіне жағдай жасалуы керек еді. Том бізден 28 наурызда ешқандай ауру белгілерінсіз кетті. Біздің білуімізше, Алматыға еш қиындықсыз жеткізілді. Кейін Алматыдан суреттер мен жазбаша есептерді алдық, - дейді Прага хайуанаттар директоры.