Хат тасушы болу – бала күнгі арманым

Ғұмырының 45 жылын пошта қызметімен байланыстырған Сәуле Таңсықбаева кейінгі буынды адал еңбекке баулып келеді. Тәжірибелі пошта қызметкері неліктен бұл мамандықты таңдағаны жайлы баяндап берді, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

 Осы қызметті таңдауыңызға не түрткі болды?

–1960 жылы 8 тамызда бұрынғы Көкшетау облысы Келлер ауданындағы қазақ ауылы Мәдениетте дүниеге келдім. Сол кездегі қаймағы бұзылмаған қазақы салтпен ата-әжемнің бауырында тәрбие алдым. Атам Құлжан Топшақов көп жылдар пошта саласында еңбек еткен жан. 1937 жылғы қуғын-сүргінде солақай саясаттың құрбанына айналып «халық жауы» атанған ол сталиндік репрессияға ұшырап, он жыл «Қарлаг»-та отырды. 1989 жылы өзі қайтыс болғаннан кейін ақталды. Жазықсыз қудаланып, зұлматты жылдардың зардабын тартқан Құлжан атамның көзі тірісінде ақталмағаны жанға батады. Ол қорқыныш, үреймен өмір сүрді. Қарлагта небір озбырлық, қатігездікті басынан өткерді. Атам сол бір азапты күндер жайлы айта қоймайтын. Ол өте талапшыл болатын. Мінезі қатал болса да бауырмал атам немерелеріне өмірде дұрыс жол көрсетті. Біз көргенді бастарыңа бермесін, талмай ізденіп, оқыңдар, деп отыратын. 1947 жылдан бастап өмірінің соңына дейін пошта тасушы болып қызмет атқарды. Аудандағы екі қазақ ауылы – Талап пен Мәдениетке жазда ат-арбамен, қыста ат шанамен орталығымыз 35 шақырымдық Краснокаменкадан хат-хабар, газет-журнал таситын, пенсия тарататын. Баспасөзге жазылу науқанында қызу жұмыс жүретін. Атам кітап десе ішер асын жерге қоятын. Сол қасиеті маған дарып, осы тылсымға жастайымнан құмар болдым. Осы күнге дейін кітаппен достығым бір үзілмей келеді. Ауылда пошташы төрткүл дүниенің жаңалығынан алдымен хабардар болатын. Бала күнімізден газет-журнал оқып өстік. Мектепте де әдебиетке, шығармашылыққа жақын болдым. Ауылда пошташы төрткүл дүниенің жаңалығынан алдымен хабардар болатын. Мен ес білгеннен атама көмекші болдым. Оған қызыға қарайтынмын. 2-3 сыныпта оқып жүріп ауылға газет тарататынмын. Алдымен келген хат-хабарларды сұрыптап алатынбыз.

Ол заманда ауылда пошта қызметі қалай жұмыс істеді?

–Көпшіліктің ниет-ықыласы ерекше болатын. Алыстан сөмке асынған атамды ауыл-аймақ түгел қадірлейтін. Ол уақытта еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін газет-журналдың әр санын асыға күтетін. Атам сағынышқа толы хат-хабар мен сүйікті басылымдарды асқан жауапкершілікпен үйді-үйге таратушы еді. Уақытпен санаспай еңбек етті. Ол кезде кеңестік жүйенің тәртібімен «Правда», «Лениншіл жас», «Көкшетау правдасы», аудандық «Заветы Ильича» газеттерін уақытылы жеткізу қажет. Газетке жазылу науқаны ұйымшылдықпен өтетін. Мен газет таратып, мектепте әр мейрам сайын открытка, конверт сатып, газет-журналға жазылу уақытында «Қазақстан пионері», «Балдырған» басылымдарға жаппай оқушылар арасында осы баспаларға  жазылуды ұйымдастыратынмын. Атам «Көкшетау правдасы» газетінің меншікті тілшісі болды. Ол кезде облыста майталман жазушы ағалар көп болды. Газет редакторы Жанайдар Мусиннің қолынан алған және басқа да марапаттары, жазған әңгімелері сақтаулы болатын, көбін архивке тапсырдым. Бір жолы белгілі жазушы Сәкен Жүнісов «Ақан сері» романына арқау болар материалдар іздеп ауылымызға келгені есімде. Атаммен әңгімелесіп, ел-жер тарихына қатысты мағлұматтар алды. Облыстық газет тілшілері де ауылға жиі келетін. Сол тұста екі ауыл «Көкшетау правдасы» газетіне тегіс жазылатын. Біз үшін «Көкшетау» газеті өте ыстық. Өйткені атам өмірінің соңына дейін осы басылыммен тығыз байланыста жұмыс істеді. Газетте атамның елдің тыныс-тіршілігі, ауылдағы еңбек адамдары, ел тарихы туралы жазған мақалалары жарық көрді. Басылымның 1967-1970-ші жылдардағы сандары жеке архивімде сақтаулы. 

Кейін басқа мамандыққа бет бұру ойыңызда болған жоқ па?

–Атамның салған сара жолымен пошташы мамандығына қатты қызығып, аңсарым ауды. Ауылда сегіз жылдық мектепті бітірісімен Көкшетаудағы мектеп-интернатта әрі қарай оқуымды жалғастырдым. 1975 жылы атам сал ауруына ұшырады. Ол уақытта білікті маман дәрігерлер жоқ. Каникулда атамның қол сөмкесін алып, үш ай ат-арбамен ауылға пошта тасыдым. Содан 1977 жылы 10 жылдықты бітіргесін кәрі ата-апама қарайлап, ауылда қалдым. Бұл жұмысты бірден дөңгелетіп әкеттім. Арқаның бет қаратпас аязы мен аптап ыстығына қарамай, газет-журналды автобуспен немесе жол жөнекей жүретін көлікпен таситынмын. Қыста жолда тоңбас үшін атамның тонын киіп аламын. Сол жылы әкімшілік мені Алматыға байланыс техникумына пошта мамандығы бойынша сырттай оқуға жіберді. Оқуға түскеніме атам қатты қуанды. Сол жылы ол бақилық болды. Мен оқу мен қызметімді жалғастыра бердім. 1978 жылы Келлер аудандық байланыс торабы еңбегімді бағалап, кеудеме «Коммунистік еңбек екпіндісі» деген белгі тағып, фотомды аудандық «Құрмет тақтасына» қойды. 

Осы саладағы қызметіңізге тоқталсаңыз...

–1980 жылы диплом алып, сол кезде Алматыдағы АЗВИ-ді бітіріп жатқан болашақ жарым Қыдыралы Таңсықбаевпен 1958 жылы шаңырақ құрып, жолдамамен Чистополье ауданы Жаркөл совхозына екі чемоданмен ғана келгеніміз есімде. Екеуіміз де жас маманбыз, ол ветеринар маман болып еңбек етті, мен поштаны басқардым. Бұл салада біраз тәжірибем болғандықтан, жұмыс істеу онша қиын болған жоқ. Поштаға қарт адамдар жиі келетін. Мүмкіндігі шектеулі жандардың зейнетақыларын қолдарына апарып тапсыратынбыз. Олар әрқашан қуанышпен қарсы алады. Жалғызілікті қамкөңіл қарияларға кейде адами қарым-қатынас жетіспейтінін байқайтынмын. Қарт адамдармен әңгімелесіп, көңіл-күйін аулауға тырысатынмын. Отбасында екі балапанымыз дүниеге келді. «Әйел баласын қырық шырақты» деп дана қазақ тегін айтпаса керек. Бірақ кейде тұтқиылдан келетін өмір сыны деген тағы бар. 1984 жылы тамызда Қыдыралы жолдасым мезгілсіз өмірден озды. Тағдырдың жазуына не шара, екі балапаныммен артында қала бердім. 1989 жылы Көкшетауға қоныс аудардым. Себебі, ағайын туыстарым осында, поштаның 12-ші бөлімшесіне жұмысқа орналастым. Содан бері таңдап алған мамандығынан бір елі ажырамай келемін. Содан бері зымырап жылдар өтіпті. Биыл осы салада еңбек еткеніме 45 жыл. Еңбегім еш кеткен жоқ. 2017 жылы «Үздік байланысшы» медалімен марапатталдым. 2019 жылы зейнетке шықтым, басшылық еңбегімді жоғары бағалап, келісімшарт бойынша еңбек етіп келемін.

Пошташыға қандай талап қойылады?

–Пошта – бұл ерекше құрылым. Пошташы болу үшін шыдамдылық, зеректік пен тиянақтылық қажет. Әр хаттың ішінде маңызды ақпарат болуы мүмкін. Хатты иесіне жеткізу – пошташының міндеті. Жұмысымыз ерте басталады. Барлығы түсетін хаттар мен тапсырыс көлеміне байланысты. Пошташы хат-хабарды жеткізу бойынша өзінің тікелей міндеттерін орындаумен қатар, психолог та болуы тиіс. Сондықтан, жұмысқа қабылдау кезінде қызметкерге қойылатын талаптар ерекше, ол келушілерге немқұрайлы қарамай, оларды тыңдай да білуі білуі керек. Пошташылар абоненттерге хаттар мен мерзімді басылымдар, зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер ғана емес, сонымен қатар коммуналдық төлемдерді қабылдайды.

Өмірдің қиын сәттерінде өкінген тұстарыңыз болды ма?

– Өмір аяқтан шалса, оны да елемеуді үйрендім. Балаларын қатарынан кем қылмай өсірсем деген мақсатпен поштаның шапшаңдықты сүйетін сан қырлы жұмысын шебер меңгеруге тырыстым. Мен үшін пошта қызметін пайдаланатын әрбір жанның шынайы ризашылығынан асқан қуаныш жоқ. Жақын таныстарым да «бұл мамандықты неге таңдадың?» деген сауалды жиі қояды. Бұған жауабым дайын. Жұмысым оңай емес, бірақ жаныма жақын. Өз таңдауыма еш өкінген емеспін. Қызықты мамандық. Күн сайын адамдармен сөйлесесің, таныстарым көп. Халықтың ортасында жүріп еңбек еткенімді мақтаныш етемін. Үлкен-кішіге хабар таратып, ақ батасын алғанға не жетсін, шіркін. Әр жұмыстың өз қиындығы бар. Мамандыққа деген сүйіспеншілік болса, кез келген қиындықты еңсеруге болады. Оқырманның қуанышын көргенде жұмысымның маңыздылығын түсінемін. Қиындықты көп көрсем де, мойымай балаларымды жеткізіп, жоғары білім әпердім. Қызым Назгүл Қарағандыда тұрады. Отбасын құрып, бала сүйді. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде ғылыми жетекші, үздік маман. Ұлым да үйлі-баранды, немерелерім бар. Тағдырыма ризамын, өмірімде жақсы адамдар көп болды. Байлық қумадым, ешкімнің ала жібін аттамадым, талай сынға шыдап келемін, жақсы әріптестерім бар, барлығы сыйлайды. Бойыма жинаған мол тәжірибемді ұжымдағы жастармен бөлісіп келемін. Биыл «Еңбек ардагері» медалімен марапатталдым. Еліме сіңірген еңбегімнің ақталғанына ризамын. Ұжымыма әрдайым еңбектерінің жемісті болуына тілектеспін. Жастарға тәлім-тәрбие беріп, білгенімді үйретіп келемін. Олардан шапшаңдық пен ұғымталдықты талап етемін. 

Қазіргі күні пошта қызметінің сапасы артты ма?

– Заман ағымына қарай жұмыс түрлері өзгерсе де қоғамда пошта қызметінің орны ерекше. Қазіргі күні поштаның жұмысы тек хат тасымалдау мен газет-журнал тарату емес. Бүгінгі таңда пошта электронды қызметтердің бірқатарын орындайды. Пошташылар жаңа жүйеге бейімделіп жатыр. Мұнда банктік аударымдар, әлеуметтік төлемдерді қабылдау, экспресс жолданымдар мен курьерлік, ұялы байланыс операторларының қызметтері, сәлемдемелерді қабылдау және тағы басқалар бар. Айына біз арқылы мыңдаған сәлемдемелер өтеді. Бұрын телеграмманың қайдан келгенін, кім жібергенін, қандай мекен-жайға баратыны қолмен толтырылатын. Тіпті кейбір құжаттар пошта арқылы жіберілетін. Қазір бәрі автоматты режимге көшті. Қазір жаңалықты газет-журналдан емес, ғаламтордан білетін болдық. Коммуналдық қызметтерді онлайн төлейміз. Туыс-туғанның амандығын хат арқылы емес, телефон арқылы білеміз. Ата-әжелер зейнетақыны банкоматтан алады. Бұрын бұл қызмет түрлерін пошташылар көрсететін. Десек те жұрт жаппай интернет әлеміне енгенімен, аға буын өкілдері әлі де баспасөзге тапсырыс береді. Олар үшін газеттен хат-хабар алу қалыпты құбылыс. Біздің заманымызда жұрт жаппай кітап, газет-журнал оқитын. Ол келешекте де керек. Технология қаншалықты дамығанымен, поштаның орнын ештеңе алмастыра алмайды. Газет оқитын оқырман үшін поштаның орны бөлек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы