Хасан Қасымбаевтың ұсталуы – полиция қосымша деректермен бөлісті
Іс материалдары бұлтартпау шарасын санкциялау үшін сотқа жіберілді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
2021 жылғы маусымда А. есімді азаматтың денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіріп, сол кісіні ұрлады деген күдікпен 5 азамат ұсталған. Олар Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен сотталып, қазіргі уақытта жазасын бас бостандығынан айыру орындарында өтеуде. Жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде, жоғарыда аталған қылмыстық әрекеттерге қатысы бар деген күдікпен 2024 жылдың 2 қарашасында Х. есімді азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, - деді Алматы облысы полиция департаментінің ресми өкілі Меруерт Морякова.
Қылмыстың барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті тергеуді қамтамасыз ету үшін тергеу әрекеттерінің кешені жалғасып жатыр.
Іс материалдары бұлтартпау шарасын санкциялау үшін сотқа жіберілді. Тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді, - деді Алматы облысы полиция департаментінің ресми өкілі Меруерт Морякова.
Бұған дейін Талғарда Хасан Қасымбаевтың ұсталғаны туралы хабарлаған болатынбыз.