Харбин 2025: Жеңімпаз атанған этникалық қазақ Ақнәр Ардаққызы туралы не білеміз?

Харбинде өтіп жатқан IX Азиада ойындарында Қытай елінің атынан сынға түскен этникалық қазақ қызы Ақнәр Ардаққызы жеңімпаз атанды. Ақнәрдің спорттағы мансабына шолу жасап көрген едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Халықаралық Олимпиада комитетінің ресми сайтында Ақнәр Ардаққызының Шыңжаң өлкесінде 1999 жылғы 1 маусымда дүниеге келгені көрсетілген.

Ақнәрдің спортқа деген махаббаты 5 жасынан басталған. Көрші балалардың ролик теуіп жүргенін көріп, ата-анасынан ролик сатып әперуді сұрайды. Қаржылық жағдайы мәз емес Ақнәрдің ата-анасы бұл тілегін орындай алмайды. Алайда ағасы қарындасының арманынын орындау үшін сыйлық ретінде коньки алып береді. Осылайша Ақнәр 7 жасынан бастап коньки тебуді бастаған. Қыста конькиді жанына серік етсе, жаз айларында жүгіру, тауға өрмелеу және велосипед тебумен айналысады.

Ақнар 11 жасында әуесқой клубта жүреді. 2012 жылы әкесі ауыр сырқаттанып, жаттығуын уақытша тоқтатып, анасына көмектесуге мәжбүр болады. Әкесі қайтыс болғаннан кейін, 13 жасында қайта жаттығуға кірісіп, кәсіби спортқа бет бұрады. 2014 жылы 15 жасында Автономиялық ауданның ұлттық ойындарында әйелдер арасындағы "B" тобында 5 рет жеңіске жетіп, Шыңжаңның шорт-трек құрамасына қабылданады. 2016 жылы 17 жасында Ақнар, 13-Ұлттық қысқы ойындарға қатысады. Жеңіске жете алмаса да, Қытайдың ұлттық шорт-трек құрамасына таңдалады.

Шорт-тректен кейін 2018 жылы ол конькимен жүгіру спортына ауысып, жарты жылдан кейін 5000 метр қашықтықта чемпион атанады. Сондай-ақ, 3000 метрге жүгіруде, масс-стартта және көпсайыста күміс медаль жеңіп алады. Бірнеше жарыстарда топ жарған Ақнәр 2022 жылы алғаш рет Бейжіңдегі қысқы олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік алды. Қытай басылымдарына берген сұхбатында не үшін конькимен жүгіру спортына ауысқанын былай түсіндіреді.

Мен өзімді үлкен қашықтықта сынап көргім келді. Мен осылайша түрлі қиындықтарға төтеп беріп, өзімді жетілдіремін. Конькимен жүгіруде жетістіктерге жетемін деп сенемін. Қазір сол мақсатта жоспар құрудамын, – дейді 2019 жылы chinadaily.com сайтына берген сұхбатында.

2022 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарынан кейін Ақнәрдің есімі Қазақстанда да жиі айтыла бастады. Сұлулығын да ерекше сөз қылды. Спортшы қыздың фотолары желі қолданушыларын тәнті етіп, "Үріп ауызға салғандай", "Әдемі қыз екен" деген сынды пікірлер жазылды. Міне араға 3 жыл салып Ақнәрдің Харбинде өтіп жатқан IX Қысқы Азия ойындарында жеңіске жеткеніне куә болып отырмыз. Ол конькимен жүгіруден командалық сайыста Қытай құрамасымен бірге алтын жүлде жеңіп алды.

Ақнәрмен мүмкіндігінше байланысуға тырыстық. Алайда ол мүмкін болмады. Бірақ әлеуметтік желілерге жүктеген видеолары мен жазбаларын жариялауды жөн көрдік.

Менің қысқы Азия ойындарына сапарым сәтті аяқталды. Біздің Қытай құрамасы конькимен жүгіруден алтын жүлдені жеңіп алды. Командаластарыммен бірге еліміздің даңқын алып жүргенімді мақтан тұтамын.

Жаттықтырушыларға және төрешілерге адалдығы үшін, сондай-ақ мені әрқашан қолдаған отбасым мен достарыма рахмет. Бұл алтын медаль – алдағы уақытта бұдан да жақсы нәтижеге жетуіме мотивация, біздің ортақ жеңісіміз, болашақта мен одан да жылдам сырғанау үшін бар күшімді саламын. Милан Олимпиадасында кездескенше!

Сөз соңында, Харбин қаласына алғысымды білдіргім келеді. Менің есімімдегі "ақ" қазақ тілінде кіршіксіз таза мағынасын білдірген сияқты, Харбиннің қары мен мұзы да әдемі және таза. Қаланың ыстық әрі әдемі қабылдауына рахмет, Харбин!, - деді спортшы өзінің Instagram-парақшасында.

Сондай-ақ қолдау көрсетіп, құттықтап жатқан қазақстандықтарға да өз алғысын білдірді.

Менің атым Ақнәр Ардаққызы, мұзда тез сырғанау құрамасының спортшысымын. Осы бірнеше күнде менің жарысымды көріп, қолдап, мақтап, марапаттап жатқандарыңызды көріп жатырмын. Атамекеніме, халқыма алғыс айтамын, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Кейіпкердің nstagram-парақшасынан
Өзгелердің жаңалығы