«Хан шатырдағы» екпе пункті қала тұрғындарын қабылдай бастады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде вакцинация қарқын алып келеді. 19 сәуірдегі жағдай бойынша, жалпы ел аумағында 695 875 мың адам коронавирусқа қарсы екпе салдырған.
Вакцинация шаралары бойынша Алматы көш бастап тұр, онда бүгінге дейін екпе салдырғандардың саны 134 637-ге жетіп отыр. Ал елордада 58 553 адам екпе алған. Осыдан бірер күн бұрын Нұр-Сұлтандағы «Хан шатыр» сауда ойын-сауық орталығында вакцинация пункті ашылды.
Демалыс күндері тестілік режимде СОО ұжымы вакцина алды. Ал бүгіннен бастап қала тұрғындары да екпе алуына мүмкіндік жасалды. Вакцинация пункті гипермаркеттің жанындағы бірінші қабатта орналасқан. СОО-да вакцинациялауға ниет білдірушілерді қабылдау кестесі сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін.
Сауда орталығында елордадағы №7 және №10 қалалық емханаларының егу пункттері орналасқан. Дәл осы №10 емхананың жалпы тәжірибе дәрігері Фазылбек Омарбектің айтуынша, таңнан бері бір өзі 23 адамға екпе салған. Әр кабинетте екі дәрігерден отыр.
Сенбі-жексенбі күнге қарағанда бүгін адам саны көп. Алғашқы күндері халық тек ақпарат алып, түрлі сұрақтар қойып кетіп жатты. Бүгіннен бастап келушілер көбейе бастады. Әзірге вакцинаның бірінші компонентінен бастап жатырмыз, екінші компонент есеп бойынша 8 мамырда басталады, - дейді ол.
Дәрігер екпеден кейін дене қызуының көтеріліп, пациенттің сәл мазасыздануы қалыпты құбылыс екенін айтады.
Кез келген ағза қандай да бір инфекцияға қарсы күрес жүргізіп жатыр деген сөз. Біздегі мақсат – ағзаның қорғаныш функциясын қалыптастыру. Сондықтан температураның болуы қалыпты реакция, - дейді ол.
Пациент екпе салу пунктіне келгеннен кейін, ең алдымен, тиісті анкетаны толтырып, өз келісімін берген соң, терапевтке жіберіледі. Терапевт оны бастан-аяқ тексеруден өткізеді, қажетті ақпаратын тізеді де, пациенттің жағдайы қалыпты болған жағдайда екпеге рұқсат береді. Әрі қарай пациент екпе салынатын процедура кабинетіне өтеді. Екпе алғаннан кейін пациент 30 минут күту залында отыруға міндетті. Денсаулығында еш реакция байқалмай, жағдайы қалыпты болса, үйіне жіберіледі. Бірақ 3 күн бойы дәрігерлердің бақылауында болады.
Вакцинация жүргізу үшін бізге бірден 5 пациент қажет. Себебі, бір флакон 5 адамға арналған. Әзірге 5 адам жиналмай қалу деген жағдай болмады. Мүмкіндігінше пациенттерді жинап барып екпені бастауға тырысамыз. Флакон ашылғаннан кейін оны толық пайдалану үшін 2 сағаттай уақыт бар, - деді дәрігер.
Елордалық Нұрахмет Данашұлы өзі тіркелген «емханаға қарағанда «Хан шатыр» сауда орталығы тұрғылықты жеріме жақын болғаннан кейін осында келдім» дейді.
Денсаулығымды әзірге еш реакция байқалмады. Мамырда екінші компонентін алуға келемін. Жағдай қиын, үшінші толқын басталғалы тұр деген қауіп бар. Сондықтан алдын алу керек, күн сайын ауырып жатқан адам саны көбеюде. Бұл екпе 100 пайыз кепілдік беріп отырған жоқ, дегенмен, бүкіл әлем екпе алып жатыр, біз де әрекет етуіміз керек, екпе алмай, жағдай жақсармайды, - дейді ол.
Ал, Наталья Красавина екпені немерелерінің амандығы үшін салдырған.
Менің екі немерем бар. Бірі 10 жаста, екіншісі - 3-те. Олар әлі жас. Иммунитеттері әлі бекімеген. Солар ауырып қалмасын деп екпе салдыруға келдім. Температура көтерілген жоқ, тіпті инені сезбей де қалдым, - дейді ол.
Айта кету керек, бұған дейін вакцинация пункті «Mega Silk Way» СОО-да іске қосылған болатын. Сондай-ақ «Keruen», «Абу-Даби Плаза» сауда, ойын-сауық орталықтары дайын. Қажет болған жағдайда қаладағы қонақүйлер де іске қосылады.