Хамидидің 115 жылдығына орай концерт өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елорда төріндегі «Астана» концерт залында филармонияның Қазақ оркестрінің Л.Хамидидің 115 жылдығына арналған «Қазақ вальсі» атты XXIV-ші концерттік маусымының жабылу концерті өтті.
Оркестрдің көркемдік жетекшісі және Бас дирижеры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, профессор Айтқали Жайымов.
Дирижері ҚР Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов.
Концерттің мақсаты көрнекті композитор, Қазақ КСР-нің халық артисі, ұлағатты ұстаз болған, саналы ғұмырын музыка өнеріне арнап, соңында өшпес із қалдырған - Латиф Хамидидің шығармашылығын халыққа ұсыну. Аты аңызға, шығармасы мәңгілікке айналған Латиф Хамидидің қазақ музыка өнеріне қосқан үлесі өлшеусіз. Ол төл музыкамыздың жинақтаушысы-этнографы ретінде де ел есінде қалды. Көрнекті тұлға 250 ден астам халық әндері мен күйлерін нотаға түсірді және оларды өңдеп ұрпаққа табыс етті - дейді ұйымдастырушылар.
Сондай-ақ, музыка майталманы, Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловскиймен бірлесіп, Қазақстанның алғашқы гимнін жазған.
Ол «Қазақ вальсі», «Бұлбұл», «Отан», «Аққу», «Алтын бидай», «Алматы вальсі», «Жайлауым бақша жайнаған», Ұлы Отан соғысының батырлары Мәншүк Мәметова, Нұркен Әбдіров және Рамазан Елебаевқа арнап «Батыр қыз», «Нұркен», «Рамазан» сынды көптеген ән -романстарды тудырып, қазақ вальсінің негізін салушысы атанды.