Хаменоваға қарсы куәлік етуге антикор қызметкерлері мәжбүрледі
Облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Бақытгүл Хаменованың сотында тосын мәлімдеме жасады. 10 ай бойы экс-орынбасардың пара алғандығын айтып, өзі тек делдал ғана болдым деп ақталған Ақылбек Рысқалиев, бұл іске антикор өкілдері мәжбүрлегендіктен барғанын ашып айтты, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Басында тергеу барысында берген көрсетілімдеріммен, жауаптарыммен қаламын, соңына дейін барамын деп ойлағанмын. Себебі мені инструктаждан өткізіп, дайындаған антикор қызметкерлері осылай соңына дейін барсаң, өзің үшін жақсы болады, қорғалу құқығы бар куә болып қаласың, жауапкершілікке тартылмайсың, бәрінен босатыласың деген болатын. Бірақ, күні бүгінге дейін олардың тарапынан мені қолдау туралы еш әрекеттер жасалмағандықтан, мен қалай болды солай айтуға шешім қабылдадым. Менің осыған дейінгі емес, дәл қазір айтып тұрған көрсетілімім нақты және рас. Бүгінгі көрсетілімді назарға алуларыңызды сұраймын,- деді куәгер Ақылбек Рысқалиев.
Шындықты жайып салған Ақылбек Рысқалиев, адвокаттардың барлық сұрақтарына егжей-тегжейлі жауап берді. Тек өзін дайындаған антикор өкілінің аты-жөнін айтудан бас тартты. Ал 10 айдан бері қамауда отырған Бақытгүл Хаменова тың деректің ақтарылғанынан көз жасын тыя алмай, Ақылбек Рысқалиевке алғысын білдірді.
Антикордан емес, алладан қорққаныңызға, мені 10 ай бойы жазықсыз тар қапасқа тықсаңыз да , соңғы жағында шындығыңызды айтқаныңыз үшін сізге көп рахмет айтамын,- деді Бақытгүл Хаменова.
Түскі уақытта басталған сот процесінде тосын мәлімдемеден кейін үзіліс жарияланды. Алайда ғимаратта жарық сөніп, отырыс жалғасқан жоқ. Кезекті сот отырысы 21 қазанға белгіленді.
Айта кетейік, Атырау облысы әкімінің экс-орынбасары Бақытгүл Хаменова өткен жылдың желтоқсан айында Абай ескерткішін жасау және орнату кезінде 4,5 млн теңге пара алды деп айыпталған болатын. Ол бұған дейінгі отырыстарда өзіне жала жабылып отырғанын айтқан еді.