Хаменова үйқамаққа алынды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысының арнайы тергеу соты облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованы үйқамаққа алу туралы шешім шығарды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Атырау қалалық мамандандырылған тергеу сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, сот Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Хаменоваға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішін қарады.
Сот күдіктінің жалғызбасты әйел екенін, Атырау қаласында тұрғылықты тұратынын, қылмыстық қудалау органдарынан жасырынбағанын, бұрын сотты болмағанын, кішкентай екі баласын жалғыз тәрбиелеп отырғанын, асырауында қарт анасының болуы, сот оған қатысты процестік заңнамада көзделген шектеулерді белгілей отырып, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау қажет екені туралы қорытындыға келгенін назарға алды, - делінген хабарламада.
Оған тиесілі мүлікті сату, тұрғылықты жері мен елден шығу мақсатында жол жүру билеттерін сатып алу және сол сияқты расталған деректер келтірілмеген.
Бұдан басқа, қылмыстық қудалау органы сотқа күдіктінің өз бетінше не сенім білдірген адамдары арқылы бостандықта қалып, қылмыстық процеске қатысушыларға қысым көрсету арқылы істі толық және объектив тергеп-тексеруге және оны сотта талқылауға кедергі келтіруі мүмкін екенін, сондай-ақ тергеуден және соттан жасырынуы мүмкін екенін растайтын дәлелдемелер ұсынбаған.
Еске сала кетейік, Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова пара алды деген күдікпен ұсталған болатын.