Хамас кепілге алынған төрт адамның денесін Қызыл Крест ұйымына тапсырды

Хамас өкілдері Газа секторының оңтүстігінде кепілге алынған төрт адамның мәйітін Қызыл Крест ұйымына тапсырды, ал Израиль бірнеше палестиналық тұтқынды босатты, деп хабарлайды BAQ.KZ The Guardian сайтына сілтеме жасап.

Басылымның мәліметінше, мәйіттер Керем Шалом шекара өткеліне жеткізілген. Осы уақытта бостандыққа шыққан палестиналық тұтқындарды тасымалдаған автобус кортежі Иордан өзенінің батыс жағалауындағы Рамалла қаласына келді.

Сол түні қанша палестиналық босатылғаны немесе бұл санға Израиль сенбі күні аман қалған алты барымтаға айырбастауға тиіс 602 тұтқынның барлығын қоса ма, белгісіз.

Хамас өкілдерінің төрт кепілге алынған мәйіттерді камераларсыз тапсыруға келіскені және оған жауап ретінде Израиль үкіметінің тұтқындарды босатуды жалғастыратынын жариялағаны атап өтілді.

Алайда Израиль түрме қызметі палестиналықтардың бірден немесе кезең-кезеңімен босатылатынын нақтыламады. Жергілікті шенеуніктердің бірі бұл процестің кезең-кезеңімен жүргізілетінін айтты.

Бұған дейін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху палестиналық тұтқындарды ауыстыруды "келесі кепілге алынғандар босатылғанға дейін және қорлау рәсімдері жасалмайынша" кейінге қалдырғанын айтқан.

Еске салайық, сенбі күні, 22 ақпанда Хамас тобы 602 палестиналықпен алмасуды ұсынған алты израильдікті Газа секторындағы Қызыл Крест өкілдеріне тапсырған болатын.

Алты адам АҚШ, Катар және Мысыр делдалдығымен жасалған атысты тоқтату келісімінің бірінші кезеңі бойынша босатылған соңғы тірі кепілге алынғандар болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы