ХАМАС АҚШ азаматтығы бар соңғы тұтқынды босатуға дайын
ХАМАС тобы Израиль және АҚШ азаматтығы бар тұтқынды босатуға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ BBC-ге сілтеме жасап.
Бұл – кепілдікте қалған соңғы америкалық азамат.
Сарапшылардың пікірінше, ХАМАС-тың бұл шешімі атысты тоқтату туралы АҚШ ұсынған келісімнің екінші кезеңін талқылауға дайын екенін білдіруі мүмкін.
Тұтқындағы адамның Нью-Джерсиде (АҚШ) тұратын, Израиль әскерінің қатарында қызмет еткен 21 жастағы Эдан Александр болуы ықтимал.
Наурыз айының басында АҚШ-тың Таяу Шығыстағы арнайы өкілі Стив Уиткофф Ақ үйдегі баспасөз мәслихатында Александрды босату “басты басымдық” екенін мәлімдеген.
Сонымен қатар, ХАМАС шетелдік азаматтығы бар төрт адамның денесін қайтаруға дайын, бірақ олардың америкалықтар екені белгісіз.
Израиль жұма күні ХАМАС-ты Газадағы бітімгершілік келіссөздерінде “манипуляция жасап, психологиялық соғыс жүргізіп жатыр” деп айыптады.
Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхудың кеңсесі Стив Уиткофф ұсынған келіссөздердің екінші кезеңі туралы:
“Израиль бұл ұсынысты қабылдағанда, ХАМАС үзілді-кесілді бас тартты және келіссөздерде бір қадам да алға жылжыған жоқ” деп мәлімдеді.
Келіссөздердің екінші кезеңі аясында ХАМАС кепілге алынған барлық адамды босатуы тиіс. Израиль жүздеген палестиналық тұтқынды азат етіп, Газа секторынан әскерін толық әкетуі керек.
Алайда, 2 наурызда жағдай шиеленісіп, келіссөздердің жалғасуы қиындай түсті. Израиль ХАМАС-ты тұтқындар мен қаза тапқан адамдардың денесін беру кезінде құрметсіздік танытты деп айыптады. БҰҰ бұл айыптауларды растады. Израиль осы жағдайға байланысты Газаға гуманитарлық көмекті тоқтатты. Израиль келісімнің екінші кезеңі басталмай тұрып, кепілге алынғандардың барлығын (тірі және өлі) қайтаруды талап етуде.
5 наурызда АҚШ ХАМАС-пен тікелей келіссөздер жүргізіп жатқанын және Газа соғысын тоқтату туралы кеңірек келісім жасасуды көздейтінін мәлімдеді.
Эдан Александрды босату мәселесі де осы екінші кезеңдегі келіссөздерге кіреді.
Ақ үй келіссөздер тек Израильмен кеңескеннен кейін ғана жүргізілетінін атап өтті.
Газа секторындағы соғыс 19 қаңтарда атысты тоқтату туралы келісімнің бірінші кезеңі аясында тоқтатылған болатын.
Сол уақыттан бері ХАМАС кепілдегі 33 Израиль және 5 Тайланд азаматын босатты. Оларды 2000-ға жуық палестиналық тұтқынға айырбастады. Босатылған палестиналықтардың көпшілігі терроризм үшін сотталғандар.